31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты елордамызда бірқатар іс-шаралар болып өтті.
Алматы ауданы әкімінің апппараты аудан ардагерлері үшін АЛЖИР мемориалдық-музей кешеніне экскурсия ұйымдастырды. Бұл туралы әкімдіктің сайтында хабарланды. Іс-шараға қатысушылар еліміздің тарихындағы қайғылы кезеңдерге арналған музей экспозицияларымен танысып, архивтік материалдарды, құжаттарды және саяси қуғын-сүргін құрбаны болған мыңдаған адамның тағдырынан сыр шертетін деректерді көрді.
Бұл күні аталмыш музей кешеніне көптеген адамдар барып, зұлмат жылдардың жүректі қан жылататын тарихын тағы бір еске түсіріп қайтты. Бұл – Астана маңындағы танымал тарихи орындардың бірі. Ол адамдар санасына өткен күннің елесін қайта жаңғыртып, қазақ жеріндегі қанды тарихтың куәсіндей болып қасқайып тұр.
АЛЖИР мемориалдық музей-кешені (АЛЖИР) орысша «Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины» деген сөздің қысқартылған түрі. Қазақша толық атауы – Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері еді. Алайда ел аузында сол күйі АЛЖИР атанып кетті. Тарихи деректерде бұл лагерьдің Кеңестер одағы Ішкі Істер Халық Комиссариатының 1937 жылы 5 тамыздағы бұйрығы негізінде құрылғандығы айтылады. Кеңестер одағы Орталық Атқару Комитеті 1934 жылы 8 маусымдағы қаулысына сәйкес «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 жылға Сібірдің аудандарына жер аудару жазасы берілген. Осыған байланысты бұл азап орталығында КСРО мемлекеттік Басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстандағы басшылық қызметтегілердің әйелдері мен балалары, жақын туыстары қамалған. Жалпы 20 мыңға жуық әйел тұтқында болған екен. Музей қызметкерлері келушілерге сол қаралы күндердің хикаясын мұңая тұрып айтқанда, еріксіз көңілің босайды. Түрме қараушы жендеттер қамаудағы әйелдерді үнемі зорлап отырған. Тарихи деректер бойынша 1507 нәресте өмірге келіпті. Алайда ашаршылық пен аяздың кесірінен солардың көбі шетінеп кеткен. Түрме қарауылдары қыстыгүні шетінеген нәрестелердің мүрделерін жер қойнына тапсырудың орнына үлкен бөшкелерге тастай беріпті. Лагерьге аналарымен бірге келген немесе тірі қалған сәбилер 2-3 жасқа келгенде аналарынан айырылып, балалар үйлеріне өткізіліп отырыпты. Осы секілді қайғылы оқиғалар өте көп...
ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде бұл орында 8 мыңнан астам әйел қамауда отырған. АЛЖИР 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа лагерьге ауыстырылды, мерзімін өтегендер босатылды. Бірақ 1956-57 жж. Саяси репрессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі тұрған жерлеріне қайтып оралуға құқы болмады. АЛЖИР тек 80-жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады. Бұл кешен 2007 жылы 31 мамыр күні ресми түрде ашылды.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ














