Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "МАЭК – Қазатомөнеркәсіп" ЖШС өндірістік нысанның жұмысымен танысты.
Қазіргі уақытта "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС Ақтау қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендерге электр энергиясын және жылу берумен қатар, ауыз су және техникалық сумен қамтамасыз етеді. Тұтынушылардың саны - 205 мыңнан астам. Зауыт тәулігіне 52 мың текше метр тұщы су өндіреді, бірақ бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз.
Қазіргі уақытта зауытта 9 су тұщыту қондырғысы жұмыс істеуде. Олардың төртеуі жаңа қондырғы. Алдағы уақытта халықты ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жалпы қуаты тәулігіне 24 мың текше метр болатын жаңа су тұщыту қондырғысын орнату жоспарлануда.
Бұдан басқа, халықты ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін бұрыннан жұмыс істеп тұрған су тұщыту қондырғыларының әрқайсысының қуатын 12 мың текше метрге арттыру көзделіп отыр.
Өндірістің жағдайымен танысқан өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
- Су тұщыту қондырғыларының өнімділігі мен қуатын арттыру жұмыстарын жүргізу қажет. Тозығы жеткен қондырғыларға жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша кешенді жоспар әзірлеу керек. Сондай-ақ теңіз деңгейінің өзгеруіне қарамастан тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мердігер ұйыммен бірлесіп су тарту каналында жұмыстарды жандандыруды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, "МАЭК - Қазатомөнеркәсіп" ЖШС жылу және су құбыры желілерін иеліктен шығару процесін жеделдету қажет", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Айта кету керек, мұндай қондырғыларды пайдаланудың нормативтік мерзімі 20 жылды құрайды, нақты пайдалану мерзімі — 31 жылдан 40 жылға дейін. Соған қарамастан олар салыстырмалы түрде жарамды техникалық күйде өнім өндіруді жалғастыруда.
Кәсіпорын су өндіру қуатының төмендігінен жыл сайын халыққа ауыз суды белгіленген кестемен беруге мәжбүр.