
Облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында өңір әкімі Асхат Шахаров 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2025 жылдың биылғы көрсеткіштері жөнінде есеп берді.
Әкімнің айтуынша, өңір тұрақты өсім мен оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы қойған міндеттердің табысты жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.

«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 106,3%-ды құрап, жоспарланған 106%-дан асып түсті және Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен (104,8%) жоғары болды. Бұған өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау сияқты негізгі салалардың дамуы ықпал етті», – деді Асхат Шахаров.
Өнеркәсіп өндірісінің индексі - 104,5%. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға жоғары. Бұл өңдеуші салалардың орнықты дамуын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы да 0,5% деңгейінде қалыпты өсім көрсетті. Көрсеткіш – 100,5%. Сала ауа райының қолайсыздығы және агроөнім бағасының құбылуына қарамастан тұрақтылығын сақтап қалды. Өнімділік өткен жылғы деңгейде қалды.

Құрылыс саласында да өсім байқалды, көрсеткіш 119,1%-ды құрады. Көтерме сауда көлемі – 112,7%, бөлшек сауда – 109,2%, көлік және қоймалау – 105,5%. Тұрғын үйді пайдалануға беру мен инвестиция көлемінде аздаған кідіріс болғанымен, өңір жалпы оң даму қарқынын сақтап отыр.

«Маңыздысы – бұл оң динамика 2025 жылы да жалғасуда. Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша барлық негізгі салалар өсім көрсетіп, өңірдің тұрақты дамуын және жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың нәтижелілігін дәлелдеп отыр», – деп атап өтті әкім.

2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша барлық негізгі секторлар оң көрсеткіштерге қол жеткізді.
Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі – 101,1%. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 25,6%-ға артып, 176,7 млрд теңгені құрады. Тұрғын үйді пайдалануға беру – 436,0 мың шаршы метр, бұл былтырғымен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Көлік және қоймалау саласы 11,2%-ға өсті. Көтерме және бөлшек сауда көлемі 1 274,6 млрд теңгені құрап, 4,6%-ға артты.
Әсіресе құрылыс саласында 25%-дан астам, сондай-ақ көлік және қоймалау саласында 11,2%-дық өсім айырықша байқалады.

«Біз өңір экономикасының тұрақты әрі жүйелі дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Барлық оң нәтижелер – мемлекеттік басқару деңгейлерінің, бизнес пен халықтың белсенді еңбегінің жемісі. Алдымызда жаңа міндеттер тұр, біз оларды жүзеге асыру үшін жобаларға басымдық беруді жалғастырамыз. Бұл жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған», – деп түйіндеді әкім.