Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі ұлттық жоба аясында биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстың 36 елді мекені шамаман 74 мың медициналық қызмет көрсететін жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамтылғанын баяндады. Нәтижесінде 1 115 адамнан түрлі патология анықталса, олардың 202-сі есепке алынған.
Сондай-ақ, ұлттық жобаның облыс бойынша жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамту жөніндегі ұлттық жобаның индикаторына қол жеткізілді. Жүктілік бойынша 2022 жылдың 8 айында барлығы 13 372 әйел есепке алынды.
18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 3899 бала диспансерлік есепте тұр.
Ақтөбе қаласының оңалту орталықтарында биыл 1463 бала (40,3%) емдік оңалту шараларын қабылдаған. Осы жылы облыстық перинаталдық орталық жанынан ерте араласу орталығы және Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығында «Қамқорлық» оңалту бөлімшесі ашылды.
Облыс әкімі тұқым қуалайтын және туа біткен патологиялардың алдын алу жұмыстарын күшейту керектігін атап өтті.
Е.Тоғжанов: «Ұрықтың даму ақауларын ерте анықтауға бағытталған скринингтердің сапасын арттыру қажет. Бұл жағдайда біз мейлінше көп балаға ертерек көмек көрсетеміз. Патологияны анықтау деңгейінің төмендігі денсаулық сақтау жүйесіндегі жұмыстар сапасының төмендігін білдіреді. Болашақ ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Отбасылар алдағы жүктілікке дайындалып, салауатты өмір салтын ұстанса болашақ балаларының даму ақауының алдын алуға болатынын анық білулері керек. Бұл тікелей ұлт денсаулығына қатысты маңызды мәселе. Бұл жерде тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, барлық басқа салаларға да, әрқайсымызға да үлкен жауапкершілік жүктеледі», - деп атап өтті.
Бұдан бөлек, өңір басшысы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бүгінде спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 35,6%-ды құрайды.
Жиында күн тәртібінен тыс сондай-ақ, мектеп аумағын абаттандыру және санитарлық екі айлық өткізу сұрақтары да қаралды.
Білім, дене шынықтыру басқармалары алдына қысқа мерзім ішінде жалпы білім беретін мектептердің айналасын ретке келтіру, спорт алаңдарын жөндеу міндеті қойылды. Жарияланған жалпы облыстық сенбілікке қарамастан өз аумағын және айналасын жинамаған бірқатар компанияларға ескерту берілді. Олардың қатарында, Helios жанармай құю бекеттерінің желісі, Ақтөбе металл конструкциялар зауыты, «КМК Мұнай» АҚ, Тургенев көшесі бойындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық көпсалалық аурухана, көлік бақылау инспекциясы, Батыс Қазақстан медициналық университеті және т.б. бар. Өңір басшысы «Анвар» сауда желісінің ұжымына сенбілікке белсенді қатысқандары үшін алығысын білдірді.
Ералы Тоғжанов тазалық ортақ іс екенін айта келе, облыстағы барлық ұжымдар мен тұрғындарды екі айлық санитарлық акцияға атсалысуға шақырды.і