Ақтөбе облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Aqtobe jastary» тұрғын үй бағдарламасы аясында жыл аяғына дейін 100 адамды баспанамен қамту көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500,0 млн теңге, «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қаражаты есебінен 500 млн теңге қаражат қаралған. Аталған мәселе Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңес отырысында айтылды.
ұрғын үй бағдарламасы туралы ғана емес, 2024 жылы өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы талқыланып, өңірлік студенттік омбудсмен институтымен бірлесе студенттік жатақханалардың жағдайына жүргізілген мониторинг қорытындысы айтылды. Сонымен бірге 12 тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай белсенді жастар марапатталды. Аталған кеңеске қатысқан Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров жастарды мерекемен құттықтап, өңірде атқарылып жатқан жастарды қолдауға бағытталған іс-шараларға тоқталды: – Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жастардың бастамаларына қолдау көрсету жалғасатындығын және жеңілдетілген әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды тапсырды. Ұлытаудағы Құрылтайда ел жастарына қазіргі мемлекеттік билік тарапынан қолға алынып жатқан реформалардың игілігін болашақта жастарымыз көреді, біз не істесек те, бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз деп айтқан болатын. Өңірлік деңгейде шешім қабылдап, мемлекеттік жастар саясатын іске асырушы уәкілетті орган Жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмысын жандандырып, жастарға тікелей қызмет көрсетуші, олардың бастамаларын жүйелі қолдаушы ретінде жұмысты бастадық. Барлық департаменттер мен басқармаларда жастар мәселелерімен айналысатын жауапты адамдар белгіленді. Яғни, жастарға әр салада қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Міне, осындай алаңдарда жиі кездесіп, өз ойларыңызды айтып, ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік бар. Елімізде жастардың республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысуына, басқа да өз идеяларын жүзеге асыруына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отыр, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге облыста жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жоба іске асырылып жатқаны, соның ішінде Мемлекет басшысының талантты жастарды қолдау тапсырмасы негізінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, «Жасыл ел» жобасы, «Еріктілік институтын дамыту», «Aqtobe Camp», «Қоғамдық дәріс» сынды бірқатар жобалар туралы айтылды. Сонымен бірге өңір басшысы «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе қолға алынған «Aqtobe jastary» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Бүгінде облыста 18-34 жас аралығындағы 14 154 адам тұрғын үй алуға кезекте тұр. Бағдарлама мақсаты – өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыс істейтін жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу және оған қолданыстағы бағдарламалардағы тұрғын үй мәселелерін интеграциялау. Бағдарлама жөнінде толық ақпарат берген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, алынған «Aqtobe jastary» аясында үй аламын деуші жастарға облыс аумағынан құны 16,0 млн теңгеге дейінгі пәтерлерді қарастыруға болады. Несие 19 жылға дейінгі мерзімге, жылдық 6 пайызбен беріледі. Бастапқы жарна – 10%. Үйді бастапқы және қайталама нарықтан алуға болады. – Үміткер ел азаматы болуы тиіс, сонымен бірге республика аумағында өзінің, отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы тиіс, жасы 18 жастан 34 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы керек. Зайыбының жасына шектеу жоқ, бағдарламаға ерлі-зайыптының тек біреуі ғана қатыса алады. Қатысушы денсаулық сақтау, білім, мәдениет, агроөнеркәсіптік кешен, спорт, журналистика, «Қазпошта» акционерлік қоғамының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысындағы филиалдарында жұмыс істейтін қызметкерлері, Ақтөбе облысының коммуналдық кәсіпорындарында жұмыс жасайтын қызметкерлер, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласы, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердегі штаттан тыс қызметкерлері мен өңірде тіркелген волонтерлық ұйымдардың мүшелері болуы тиіс, – дейді Мирхан Ермағанбетов. Басқарма басшысы 2024 жылы өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы бөлісті. Оның айтуынша, облыста осы жылдың екінші тоқсанында NEET санатындағы жастар – 5,6%. Облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 1,8%. 13 291 жас жұмыспен қамту іс-шараларымен қамтылған, 4732 жас тұрақты жұмысқа орналасқан, «Жасыл ел» бағдарламасына 1983 жас қатысса, 14 адам «Zhas project» грантын иеленген. «Жастар рухы» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ә.Тыныштық өңірлік студенттік омбудсмен институтымен бірлесе студенттік жатақханалардың жағдайына жүргізілген мониторинг қорытындысын жария етті. Оның айтуынша, «Жастар Рухы» жастар қанаты студенттік жатақханалардың оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында Ақтөбе қаласындағы оқу орындардың жатақханаларының тұрмыстық жағдайын дәстүрлі түрде жыл сайын бақылап келеді. – Мониторингтік топтың тексерісі нәтижесінде аталған Жұбанов университетінің №1, №2, №3 және «Жастар үйі» жатақханаларының жаңа оқу жылына толық дайын екеніне көзіміз жетті. Ал Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің Пацаев көшесіндегі өзге ел азаматтары орналасқан №1 жатақханасы сын көтермейді, – деді ол. Іс-шара аясында 12 тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай әр салада еңбек етіп жүрген белсенді жастар облыс әкімінің және облыс әкімі орынбасары атынан Алғыс хаттармен марапатталды.