Аягөз қаласындағы көпбейінді мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Жанерке Ысқақова, Жәния Әлімғазина, Жанерке Зәкірова және Әйгерім Ержанқызы Ecobike деп аталатын жаңа жоба жасап шықты.Заманауи велосипед іске қосылғанда, бірнеше қызмет түрін атқара алады. Мысалы, тренажер ретінде пайдаланған адам денсаулығын нығайтумен қатар спорттық жаттығу арқылы бұлшықеттерін шынықтырады. Ғажабы сол, жаттығу жасау барысында құрылғыдағы генератор қосылып, тегін электр энергиясы өндіріледі. Сол арқылы әр түрлі қосымша құралдардың көмегімен тұрақты токқа түрленіп, 220 вольтқа дейінгі кернеуге жеткізіп, ұялы телефон мен планшетті қуаттауға болады. Яғни электр энергиясын үнемдеу көзі ретінде қарастырылған. Қосалқы бөлшек ретінде кескіш-ұсақтағышы бар қоқыс жәшігін орнатқан. Мекемедегі пластик, қағаз түріндегі қоқысты ұсақтап іске жарамды етіп қайта өңдеп, балқытып, әр түрлі пішіндегі кәдесыйлар, бұйымдар жасауға да болады.
Өнертапқыш оқушылар болашақта осындай артықшылығы көп құрылғының бес түрін жасауды ойластырып отыр. Мектептің үш қабатына өлшемдерін түрлендіріп, бастауыш буын, орта буын және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп қызметкерлеріне әр дәлізге екі-екіден велосипед қоймақ ойлары да бар.
– Істен шыққан велосипед бөлшектерін алып, кез келген дизайнда түрлендіріп жасауға болады. Ол үшін 12 вольтқа дейінгі генератор керек. Генератордан шыққан электр тоғын жинақтап, айнымалы тоқтан тұрақты тоққа айналдыратын түрлендіргіш құрал арқылы аккумуляторға жинақтадық та 12 вольттан 220 вольтқа дейін көтердік. Ұялы телефонды, кескіш құралды да қуаттауға болады. Құрылғыға арнайы орнатылған бағдарлама қоқыс жәшігі толған кезде телефон немесе планшетке датчик арқылы хабарлама береді. Хабарлама келгеннен кейін жәшікті босатып, қайта қоқыс жинауға кіріседі, – дейді «ақылды» велосипед авторлары.
Қазір мектеп оқушылары құрылғыға қызығушылық танытып, сабақ арасындағы қоңырауда тренажер ретінде пайдаланып жүр. Жобаны табыс көзіне де айналдырып, білім беру мекемелерінде ғана емес, кез келген қоғамдық орындарда пайдалануға болады. Әрі денсаулыққа пайдалы, тегін электр энергия көзі, сондай-ақ пластик қоқыстарды қайта өңдеу үшін таптырмайтын өнім.
Тың жоба ұсынған оқушылардың жетекшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Қанапиянова, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Меруерт Күнісова, сызу пәні мұғалімі Берік Ысқақов, информатика пәні мұғалімі Самал Сәрсембекова екенін еске сала кетейік.
Абай облысы,
Аягөз қаласы