Ақжал кенішіне – 70 жыл! Арқада Ақжал деген кенішім бар

Ақжал кенішіне  – 70  жыл!  Арқада Ақжал деген кенішім бар

Қазақ энциклопедиясында: «Ақшатау – Қарағанды облысының Шет ауданындағы ірі вольфрам-молибден кеніші. Кеніштің 6 учаскесінде 250-ден астам кварц желісі бар, кен минералдар: вольфрамит, молибденит, топаз т.б. Алынатын металдар: вольфрам мен молибден.  Үлкен кеніш пен байыту фабрикасы бар. Ол ендік бағытқа созылған Ақжал-Ақсораң тектоникалық зонасында орналасқан. Қорғасынның мысқа қатысы 1:4-ке тең. Ақшатау 1942 жылдан жұмыс істейтін, барланған қоры ондаған жылдарға жететін Қазақстанның вольфрам өндірісінің базасы  Ақжал полиметалл кенін өндіретін кеніштің қасында пайда болып, 1964 жылы поселкаға айналған. 1970 жылы 1,9 мың халқы болған. Мұнда қорғасын, мырыш өндіріледі. Байыту комбинаты бар. Тұщы су Жәмші өзенінің жайылмасындағы скважинадан құбырмен 18 км жеткізіледі. Кеңес үкіметі кезінде байытудан алынған концентрат Өскемен, Шымкент зауыттарына жіберіліп тұрған» деп көрсетілген. 

 

Қатпар-қатпар тарихы бар кеніш

Жоңғарлармен сан қанды шайқаста қазақ қолының рухын көтеріп, жолын ашқан Қаз дауысты Қазыбек  би «жауға шабар бас атың болсын» деп, Қылыш қыр атын берген, Абылай «Алдыңнан жау таппасын ықтасып, артынан дұшпан шықпасын» деген және дуалы ауыз, батагөй Жомарттан бата алған, Абылай ханның жекпе-жекке шығарар көзсіз ері, бүркіт аруақты Керней-Жарылғаппен үзеңгілес, Бұхар жыраудың назарына іліккен Сенкібай, әруағы айсыз қараңғыда жол көрсетер қызыл түлкі Жидебай батыр, Байғазы, Тобышақ, Дербісалы, Бөрі батырлар Ағыбаймен қатар отаршылдарға қарсы күреске қасқа айғырға мініп,  белсене қатысқан Елеген Қонысбайұлылар жаудан қорғаған  Қарқаралы уезі, 1081 отбасы мекендеген 18 қонысты Карсен-Керней болысы –  Шет өңіріндегі Ақжал кентіне 70 жыл толып отыр. 

Жер асты қазба байлықтарымен жұмыс басқа елдермен де байланысты  болғаны белгілі. Жаңару дәуірінде  ғалым Георгий Агрикола металлургияны ғылыми негізге қойған. Металдар қасиеті туралы 20 ғылыми еңбек шығарған. Болат даярлау құпиясы және болаттың басқа металдарға әсерін ғылыми түрде  бірінші болып зерттеген – инженер Петр Аносов.  Металды қыздыру арқылы өңдеу процестерімен  металл өндіру жолдарын ойлап тапқан – Д.К.Чернов.  1705 жылы Никита Демидов металлургия зауытын салуды бастаған.  

Ақжал кентіне 70 жыл болғанымен, оның тарихы әріде жатыр. Шет өңірінде 1847 жылы екатеринбургтік көпес Н. Ушаков малшы Батыр Бақасынның жерін 400 сомға жалдап, мыс кәсіпшілігін бастағанда  Елеген  Қонысбайұлы: «Жер асты байлығын қалай алсаңдар да, жердің үсті ешкімге берілмейді», – деген. Қасқа айғыр Ақжалда қазба жұмыстары 1886 жылы  семейлік көпес, алтын өндіруші  Степан Попов осы жердің қорғасынынан күміс айырып алған екен. Оның «Авроро» атты шахтасы («үңгір») сақталған. Ақжал кен орнында 1901 жылы «Свинец»  орыс-француз акционерлік қоғамы құрылып, 13 жыл жұмыс атқарған.  1918 жылы Қазан төңкерісінен кейін «Алтай золото» комбинаты құзырына өтеді. Кен шығару  ісі 1935  жылдан  басталса, тау-кен жұмыстары 1950 жылдары басталған. 1952 жылы шикізат негізінде  ашық тәсілмен кен қазумен айналысатын Қасқа айғыр Ақжал кеніші құрылған. 1 жылда 600 мың тонна кенге есептелген 1956 жылы  байыту фабрикасы салынды. 1975 жылы басталып, 1986 жылы  іске қосылған кен байыту фабрикасы  жылына  өнімді 2 есе көп шығаруға арналған.        

1960 жылдардың аяғында кеніште жұмыс жасаған адамдардың айтуына қарағанда, жұмыс өте ауыр болған көрінеді. Өңір тумасы, зейнеткер Баешов Өмірсерік:  «Ауыл маңында 2 ат қорада  60-тай жұмыс аттарын ұстаған. Бірі – кенішке, екіншісі – ГРП. Арбамен кен тасылған. Бір ат қораның жетекшісі Рақымбай Әуешов,  екінші ат қораның меңгерушісі Байенішев Исатай  болған. Ақшатау ашылғанда 35 шақырым жерден Қарабұлақ өзенінен насоспен суды Исатай әкем айдаған.  1964 жылы Ақжал постсовет төрағасы Ұлы Отан соғысы ардагері Жаманқара Қалиев болған. Ол кезде кеніш Северный, Южный, ГРП және Қазақ деген 4 ауылға бөлінген. Северныйда  мектеп, басқарма, клуб, аурухана шоғырланған еді.  Северный мен Южный аралығы 2 км. Северный карьерге жақын орналасқандықтан, карьерде қопарылыстар болып, тұрғындар тыныштығы бұзылғандықтан,  кейін Южныйға көшірілді.  

Кеніште жұмыс атқарған отбасы династиялары да көптеп саналады. Өз өмірін кеніш жұмысымен байланыстырған, жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асатын Әбуовтар, Баенишевтар, Дүйсембаевтар, Жараспаевтар, Ақшолақовтар, Закировтар, Кұлмұхамед Шайкенов, Р.Асаубаев, Дүйсенбай Найманов, Шағала Дүйсенбаев, Мұқатаевтар, Томашевтар отбасыларын атауға болады. Кейіннен  атпен атқаратын жұмыстарды автокөлік ауыстырған. Сол кездерде Тоғанбек Алтынбек, Бағланбек Шымырбековтер шопырлық жұмыс атқарған. Қасқа айғырдағы Елеген батыр Қонысбайұлының  ұрпақтары – Сартаевтар отбасының комбинаттағы еңбек өтілі 300 жылдан асады. Елегеннің шөбересі Қасқатай 1949 жылы Ұлы Отан соғысынан оралып, Қызыл еспеде комендант қызметін істеген. Ақжол  кеніші ашылғанда Қасқатай шопыр болып жұмысын бастаған» деп,  Ақжал кеніші  тарихынан  біраз мәліметтер айтып берді.    

 

Ардагер Әжібжанның «Өмір өрнектеріндегі» сыр

1989-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған ардагер,  «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендері иегері, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Әжібжан Жанасбаевтың «Өмір өрнектері» кітабынан кеніштегі ұжымның ерен еңбектерімен танысуға, тарих қойнауындағы деректерді оқырманға жеткізуге де мүмкіндік алдық. 1976 жылы Сайран Рақымжанов кеніш директоры болған. Жаңа фабрика салына бастаған соң, жаңа техникаға қол жеткізеді. Осы жылы еңбектегі жоғары жетістіктері үшін Сергей Зубов, Тәнкен Бәкіров «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қадырман Әбілжанов «Ленин»  орденімен марапатталады.

Елге ерен еңбегімен танымал болған, бір станоктен үлкен көрсеткіштерге жеткен Әжібжан Жанасбаев бригадасы 5 станокті топтастырып, бұрғылаушы участігін ұйымдастырады. Учаскеде машинист, көмекшілері, слесарьлар – барлығы 36  адам жұмыс бастайды. Ауысым сайын 5-6 бұрғылау станогі, 7-8 экскаватор, 30 «БелАЗ» автокөлігі шығып, кеніш жұмысын алға бастырған. 

Металлург мамандығы бірнеше мамандықтардың  синтезі деуге де болады. Негізгі кәсіп – кен өндіру мен оны өңдеу. Біліктілік мәселесіне байланысты жұмыстарды басқарып қадағалайтын – инженер-металлург.  Сонымен қатар бұл жерде қандай техника болсын, өз қызметі бар. Оны басқарып тұрған маман бар. Станок, экскаватор, бульдозер, «БелАЗ»  бірі  істемей қалса, бәрі   тұрады. Станок скважина бұрғыламаса, жарылыс болмайды. Жарылыс  болмаса,  забой болмайды. Забой болмаса, экскаватор, «БелАз» істемейді. Кен болмаса, фабрика жұмысы тоқтайды. Осы циклдің барлығы бір машинистің мойнында. Бір бұрғылау станогінде 15 электродвигатель, гидросистема, пневмосистема, насостар, клапандар, реленің бірі істемей қалса, 75 тонналық техника тұрады. 

Бұрғылаушы бригадасында Володя Нестеров, Валентин Бутынцев (І-ІІ дәреже «Еңбек Даңқы» орденінің иегері) Виктор Завгородный, Володя Шмимдт, Құрман Смағұлов, Кәрібай Рақымжановтар қажырлы еңбек атқарған.

1970 жылы директор  М.Аистов, бас энергетик Клепиков, бас инженер Коваленко, фабрика бастығы Туровский, горцех бастығы болып Сайран Рақымжанов еңбек еткен. «СБШ-200»  бұрғылау станогінде машинист Имамұса Тәттімбетов, Қайнықас Сармантаев істеген. Экскаваторшы Қадірмен Әбілмажинов, Станислав Березовский, Осипов, Нестеров, Дровяниковтар да қазба жұмыстары барысында ерен еңбек сіңірген.

1972 жылы фабриканың ең жоғарғы жағында шуровка болған. Карьерден әкелінген кенді шуровкаға төгеді. Оның астында бункер тұрады. Шуровка – рельстен жасалған тор. Шуровшик ірі тастарды кувалдамен ұсатады.  Шуровшик болып Совет Жиенбаев, Қожабек Құсайынов істеген. Кеннен қорытылып, шығатын мырыш пен қорғасын концентратын контейнерлерге толтырып сыртқа шығаратын қызметкерді откатчик деген.

1986 жылы бұрғылаушылар комсомол-жастар бригадасы жетекшісі Лефорт Жанасбаев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.    

1986 жылы бұрғылау бригадасы еңбек қорытындысы бойынша Бүкілодақтық жарыста 1-орын алады да,  Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесі (Мәскеу қаласында) «Москвич» автокөлігін сыйлайды. Бригада мүшелері келісіп, автокөлікті әріптестері Мырзабек Жахметбековке береді. Мырзабек қақаған қыста Ресейдің Ижевск  қаласына барып айдап алып келген автокөлікті өзіне алмай, сатып, ақшасын бригада мүшелеріне бөліп берген екен. Аты затына сай нағыз азамат осындай болу керек. Қазақстанда металлургтер күнін атап өту 2003 жылдың 15 қарашасынан бастау  алады. Бірінші металлургия зауыты  Самарқан  ауылы жанында  1942 жылы салынып, Теміртау атанған еді. 

 

Өндірістік дағдарыстың шырғалаңдары

Қырық жылдан астам уақыт  дүрілдеп тұрған Ақжал кеніші өндірісі  экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты 1996 жылы қаржылық және өндірістік дағдарысқа ұшырап, комбинаттың 3000-дай жұмыскері жұмыстан босатылды,  адамдармен есеп айырысуға  қаржының жетіспеуінен сегіз мыңдай адам  аса қиын жағдайға тап болды. Жұмыскерлер жалақы ала алмады, зейнетақы уақытында берілмеді. Коммуналдық шығындар  төлемақысын төлей алмай, электр энергиясы, су беру тоқтатылды, соның салдарынан  Ақшатау кентіне және өндіріске жылу беріп тұрған екі  қазандық жұмысын тоқтатты. Комбинат басшыларының бәрі жұмыстан босатылды. Осы мәселелерді шешу керек  болды. Үйлерді,  екі мектеп, мәдениет үйін, балабақша, басқа да ғимараттарды шұғыл пешке көшіруге тура келді. Электр қуаты   үш-төрт сағат қана берілсе, ауызсу да кестемен беріледі.

1996 жылы сәуір айында Ақжал кеніші, тау-кен цехы, фабрика, жүк машина цехы жұмысын тоқтатты. Бұл кезде 1 жылдай қазақстандық «Қазкоммерцбанк» инвестор болды.  1997 жылы 3 қыркүйекте кеніште 40 жылдай еңбек атқарған ардагер металлург, бұрғышы  Әжібжан Жанасбаев Алматы қаласына барып, Премьер-министрдің орынбасары Гарри Штоиктің қабылдауында болып, кәсіпорын жағдайын баяндап көмек сұрайды. Ә.Жанасбаевтың  Г.Штоикпен  КСРО Жоғары Кеңесінде бірге қызмет жасағаны өз нәтижесін беріп, кеніштің жұмысшыларына төленбеген еңбекақыларын, электр қуатына қарыздарды Инге Могуссонға тапсырып, қалған қарыздарды кешіруге үкімет шешімі қабылданады.  1996 жылы қазан айынан Ақшатау комбинатын швейцарлық «NoVa-Дрейнинг» компаниясы басқарып, кеніш тірлігі  қайтадан жандана бастайды. Содан Инге Могуссон Ақжалда 10 жылдай қызмет жасайды. Ақжал спорт кешенін шомылатын бассейнмен бірге салуға қаражат бөледі. 2006 жылы «NoVa-Дрейнинг» акцияларын Челябы цинк зауытына тапсырады.

Аудан қорғасын, мырыш қоры бойынша, оны өндіруде облыс және республикада алдыңғы қатардан орын алады.  Ақжал кен орнын игеріп отырған «Нова-Цинк» ЖШС 2006 жылы 14 сәуірден бастап Челябі мырыш зауыты  иелігіне өткен. Кәсіпорынның өндіретін мырыш қоспасы Ресейдегі Челябі мырыш зауытына өткізіліп, оның 23 пайыз көлемінде сұранысын қамтамасыз етеді, қорғасын қоспасы «КазЦинк» ЖШС-не өткізіледі.  Нақты қуаты 10 мың тонна электролиттік цинк құрайтын ашық типтегі акционерлік қоғам – Челябы цинк зауыты  жайына келетін болсақ,  1935 жылдың 14 шілдесінен бастап жұмыс атқарады.  Зауыт директоры  – Избрехт Павел Александрович. Ал Ақжал  кәсіпорны  жылдан-жылға  қорғасын-мырыш кенін өндіріп, одан  мырыш,  қорғасын қоспаларын шығарып,  инвестиция құйып, 1006 адамды  жұмыспен қамтып отыр.

Жер асты кені – өлкенің ежелгі байлығы.  Сол байлықты халық игілігіне жарату – азаматтың ісі.  Өңір халқы Ақжал кен орнының тұрақты жұмыс істеп тұруына өлшеусіз үлес қосқан өндіріс мамандары  Сайран Рахимжанов, Сәкен Қойшанов, Мейрам Баданов,  Ұлаш Тұрсынбеков, Рахмет Күзембаев, Бұлхаир Агильбаев, Аманжол Саттаров, Әзімжан Жаңысбаев, Амангелді Бакишев, В.С.Хан, Г.К.Анисимов, Нығмет Әбжаппаров, Салтанат Сатымбетов, Әсемхан Канкулов, Әбдіразақ Жүсіпов, Нұрғалым Шинжигитов тағы басқаларға дән риза. Білімді-білікті азаматтар өндірістің экономикалық әлеуетін көтеруге, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына аянбай еңбек етіп, тер төккенін ілтипатпен атап өтуге болады.

 

Қайта түлеген алпауыт кеніш

Бүгінде  ұзындығы 1600 метр, ені 800 метр, тереңдігі 260 метр карьерде ондаған техника жұмыс істейді. Бұрғылау процесін үш СБШ-250 және ДМ 45 «Атлас Сор» станогі жүргізеді. Өндірістік жару-қопару үшін, арнайы сызба бойынша тереңдігі 14 метр үңгіге 400 келі гранулит қолданылады. Бұдан кейінгі процесс – 8 текше метрлік  5, бес текшеметрлік 5 экскаватор, 2 гидравликалық экскаватор аса ауыр жүкті 55 тонналық 34 «БелАЗ» кенді бункерге түсіреді. Одан байыту фабрикасына жетеді. Байыту процесіне жеткен кен ірі тастар қуатты ұнтақтағыш диірменге жетеді. Ұнтақталған кен плорация  цехына түседі. Онда арнайы реагенттер арқылы породадан алдын ала мырыш  алынып, соңынан қорғасын айырылады. Түр-түрімен ажыратылған концентраттар арнайы сыйымдылыққа төгіліп, тиісті технология бойынша қоюлатылады. Ең соңында үгінді ретінде цинк, қорғасын концентраттары өлшеу цехына келіп, алдын ала даярланған қаптарға салынып,  Ағадыр стансасынан аттануға даярланады. Осылай  Ақжал кені жылына 38 мың тонна мырыш  өндіреді.  Жер асты баланс қоры – 1 млн 22 мың тонна цинк. Жылына 5 млн текше метр вскрышка, 36 мың тн мырыш, қорғасын беретін Ақжал концентраты сапалы, 56 пайыз мырыш.  Бүгінгі күні техниканың бәрі шетелдік. «Хитачи» экскаваторы – жапондық, «Раш-45» экскаваторы Германияда жасалған, катапиллер бульдозер және  «Атлас Сор» бұрғылаушы станогі АҚШ-тан, «Хюндай»  экскаваторы Оңтүстік Кореядан әкелінген.

Ақжал кеніші – бірден-бір қала құрайтын өнеркәсіп. 70 жыл тарихы бар кен орнымен Ақжал кентінің жасының да,  қариясының да өмір жолы байланысты болып келді, бола береді де. Өнеркәсіп  ардагері Әжібжан  Жанасбаев сол кездегі жас буын өкілдері Серік Бәкіров, Асқар Жанасов, Аманбол Тәкішов, Талғат Томашев, Жайлау Сембеков, Сергей Пономарев, Ғазым Қасенов, Марат Тілегенов, Жақан Башатаев, Дауылбай Бадановты іске баулығанын, олардың көңілден шыққанын еске алған.

Кеніште көп жылдар еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан еңбек ардагері  Сартаев Тұрбек қария  1958 жылдан бүгінгі күнге дейін кеніш басшылары болған Ф.И.Рычков,  Н.К.Жақсыбаев, Ф.А.Гречко, С.Асубаев, Н.Ш.Жақсыбеков, Сайран Рақымжанов, Сәкен Қойшанов, Мейрам Баданов, Ұлаш Тұрсынбеков, Аманкелді Бәкішев, Рахмет Күзембаев, Жұбаныш Шонанов, Александр Гюнтер, Геннадий Анисимов, Сүйіндік Асанды (ешқайсысын бөліп-жармай)  жақсы лебізбен атап өтті.

«Nova Цинк» ЖШС сапасы жоғары қорғасын-мырышпен ғана емес, білімді кадрлармен, ұйымшыл ұжымымен танылған. Бұл мамандар күн сайын еңбек етіп, кәсіпорынның дамуына сүбелі үлес қосып келеді.   Бүгінде Александр Гюнтер, Нығмет Абжаппаров, Бұлқайыр Ағылбаев, Аманжол  Саттаров, Ұлаш Тұрсынбеков, Жақсыбек Сартаев сынды кеніштің бас мамандары өте білікті. 

Сармантаев Боран Сағындықұлы  III дәрежелі «Еңбек даңқы», Жұмабаев Бағдат Жақыпбекұлы III дәрежелі «Кенші даңқы», Сартаев Жақсыбек Қасқатайұлы  III дәрежелі «Кенші даңқы», Магадиева Елена Ахиярқызы  II дәрежелі «Кенші даңқы», Жарасов Асан Сақатайұлы  II дәрежелі «Еңбек даңқы», Абильжанов Болат Кадырманұлы   II дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі  иелері,  бұлар қажырлы еңбектерімен кен орны мақтанышына  айналған.

Қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орын алып келген болса, бүгінде де еліміздің өнеркәсіп саласында қозғаушы күш болып табылады.  Өңірдегі кен өндіру кешендерінің кәсіпорындарында жаңа технология мен техникалық қайта жарықтандыруды белсенді енгізіп, өндірістің көлемін ұлғайтуға қабілетті жоғары кәсіби мамандар еңбек етеді. 

Жас кадрларды ынталандыру мақсатында 12 пәтерлі, 2 қабатты 3 үй салынып, осы кәсіпорында еңбек ететін қызметкерлерге табыс етілген. Алдағы уақытта кәсіпорын есебінен кентке сквер, асфальтталған жол, жарықтандыру жұмыстарымен қоса,  соңғы үлгідегі реанимобиль алып, халық игілігіне пайдалану жоспарланып отыр. 

«Жаңа Мырыш» ЖШС  жылына бюджетке 1 млрд теңге аударады. Ақжал кентінде мектеп, балабақша, 25 метрлік бассейнімен дене шынықтыру кешені, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған монумент салуға қаржылай көмек көрсеткен. Жылда Балқаш емдеу-сауықтыру орнына 120 жұмысшыны тегін 10 күнге демалдыруға жіберіп отырады. Мектеп оқушыларына лагерьде тегін демалуға қаражат бөледі.

Бүгінгі күні жалпы салада істейтін 300 мың адамның металлургия өнеркәсібінде  87 мыңға жуығы  жұмыс атқарып,  елдегі өнеркәсіп өнімдерінің 17 пайызын шығарады. Кеңес үкіметі кезінде зиянды, адам денсаулығына қауіпті кәсіпорындарда  жұмыс істеген адамдар 55 жасқа толған кезде зейнетке шығуға мүмкіндік  бар еді. Еріту пешінің алдында 60 жастан асқан адамның ауысым бойына жұмыс істеуі өте қиын.

«Арқада Ақжал деген ауылым бар,

Ұлдары дауыл сүйген, жауыны бар.

Келісті келбетіңді көрген сайын,

Көмейден құйылады ағын жырлар.

Бүгінде кен қопарып, дабылдатқан,

Айналдым сенде туған ұл-қызыңнан!», – деп ақын  Зәрубай Сүйіндікұлы жырға қосқан  Ақжал  елдімекені   –  қойнауы ырысты, адымы ашық, даңқы асқарлы, тарихы дастанды кенді мекен.  Бұл өңір Қасқа айғыр  – Ақжал деп аталған. 

 

Нұрлан Ердәулетұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі
15.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 37
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 66
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 32
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 67
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 176
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 180
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 397
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 360
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 977

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9055
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8451
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11679
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9442
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10659