Ар-ағаның тұсында «Ақ жолдың» атағы алысқа кетті

Ар-ағаның тұсында «Ақ жолдың» атағы алысқа кетті

«Ақынның бүкіл болмысы өлеңінен көрінеді» деген пікір бар. Арғынбай Бекбосын ағамыздың «Фәнилік драма» кітабына енген 705-ші рубаяты: «Өле-өлгенше ізгілік ізін қалдыр, басқа жолмен көсеге көгермеген», – деген жолдармен түйінделеді.
Өмірлік ұстанымы, артында қалдырған алуан жанрдағы шығармаларының алтын өзегі осындай болған Ар-ағаң 1985-тен 1995-ші жылға дейінгі аралықтағы Кеңес Одағы аталатын ұлы империя күйреп, Қазақ елі еңсе көтерген, ұлттық рух дүр сілкінген он жылда газетке бас редакторлық еткен. Бұл туралы басылымның 75 жылдығына орай жазған, «Ақ жол»-тағдыр» деген тақырыппен 1997 жылдың 1 мамырында жарияланған құттықтау лебізінде: «Өмірде де, санада да күн емес, сағат сайын сан сапалық өзгерістер болып жатқан сол алмағайып он жылдан бүгінде 75-ке толып отырған «Ақ жол» абыроймен өтті деп ойлаймын (бұрынғы «Еңбек туын» еркіндік алған еліміздің алдынан Алланың ақ жолы ашылсын деп «Ақ жол» атауымыз да сол тұс қой). Небір сын сағаттарда, кезеңдерде халықтың жағынан табылдық. Аққа ара түстік, қараға қарсы тұрдық. Қара басты қорғалап, мансаптының алдында майысу болған жоқ. Оған «Ақ жолдың» беттері куә, сол беттердегі замананың сан қилы ауанымен мыс қазандай қайнаған мидан туып, жүректің қанымен жазылған сөздерді оқыған мың сан оқырман куә. Талай-талай шырғалаң шақтарда қуат берген Құдай болса, қос қолтықтан демеген – сол оқырман, қасиет- ті халқымыз!», – деп жазды.
Бас редакторлық қызметке облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы болып істеп жүрген кезінде келген, содан да облыс қаламгерлерінің қарым-қабілеттерін жақсы білетін Ар-ағаң аз уақытта-ақ әлеуетті шығармашылық ұжым қалыптастыра білуімен қатар, газет тірегі – автор тілшілерді де көптеп тарта білді. Редакцияда орын босай қалса, аудандық газеттің мектебінен өтіп, ысылғандарды қызметке алуға басымдық берді. Солардың бірі болғанымды әрі сенімінен шыға білгенімді бұрын да, қазір де мақтан етемін.
Нағыз қайраткер қай істе де ұйымдас- тырушылық қырын жарқырата таныта біледі емес пе? Ар-ағаң басқарған кезде оқырмандарының ықыласын жаулап алып, соған сай таралымы да өсіп, елу мың дананы алқымдаған басылымның атағы алысқа кетті. Әсіресе Қазақстанды көлгір Колбин билеген тұста жазықсыз жалалы болған Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаровтай көрнекті тұлғаларға қорған бола білгені халық тарапынан жоғары бағасын алды.

1983 жыл. Одақтық «Советская культура» газетінің арнаулы тілшісі Виктор Смирнов (оң жақтан үшінші) және Арғынбай Бекбосын, журналист Кеңес Рахматуллаев «Жасөркен» кеңшарында болғанда. Оң жақ шетте тұрған Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің редакторы, ақын Базар Қилыбаев.

Сол жылдары Ар-ағаң газет редакторлығына қоса үлкен қоғамдық қызметтерді атқарды. Қатарынан үш рет облыстық кеңестің депутаттығына сайланып, мәдениет, оқу ағарту жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарды, сонымен бірге облыстық ономастика комиссиясының, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының, Қазақ мәдениет қоры облыстық бөлімшесінің, «Домалақ ана-Нұрила» қайырымдылық қорының төрағасы болды.
Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласқан Ар-ағаң Жамбыл педучилищесінің студенті кезінде 1957 жылы Абылай ханның айтулы батыры болған Мәмбет Күнбасұлының сүйегін Қарахан кесенесінің түбінен қазып алып, Тектұрмасқа қайта жерлеуге қатысқан. Осының әсері болар, көп жыл кейін облыстық ономастика комиссиясын басқарған кезінде Мәмбет, Қойгелді, Сеңкібай, Қосы, Байзақ және басқа да өз өлкемізден шыққан батырлардың есімдері қала көшелеріне берілуіне ықпалын тигізді. Ал «Домалақ ана-Нұрила» қорының төрағалығын атқарғанда, «Домалақ ана – қазақ анасы», «Перзенттік парыз», «Ата-баба аманаты» деген мақалаларын жариялады. Араға жылдар салып, «Домалақ ене» символикалық драмасын жазды. Ол рес- публикалық конкурста мемлекеттік грантты жеңіп алды. Жамбыл облыстық қазақ драма театрында табысты сахналанды. Қоюшы- режиссері халықаралық, республикалық театр фестивальдерінің лауреаты Қуандық Қасымов болатын. Бірақ өзінің драмалық шығармасын 2009 жылдың қараша айында өткен премьерасында жұртшылық жақсы қабылдағанын көруді Ар-ағаңа тағдыр жазбады.
Бас редактор кезінде 1992 жылы АҚШ пен Батыс Германияға шығармашылық сапармен барып қайтып, айналасы бір апта ішінде жазып тастаған «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (Батыс бизнесі журналист көзімен) атты жол-сапар очерктері алдымен газетте жария- ланып, 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан он мың дана таралыммен шықты. Осы кітабы үшін Ар-ағаң ТМД елдері Журналистер одақтары конфедерациясы сыйлығының лау- реаты болды. Бұрынырақ публицистикалық мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алған еді.
Бірге қызмет істеген жылдардың ұмытылмас оқиғалары аз болған жоқ. Біріне тоқтала кетейік. 1992 жылдың мамыр айының алғашқы күні «Ақ жолдың» шыға бастағанына 70 жыл толды. Газеттің осы оқиғаға арналған, «Бүгін «Ақ жолың» жетпіске толды, ағайын!» деген тақырыппен шыққан мерекелік санының бірінші және екінші беттеріне «Жамбыл. «Ақ жолға» деген тақырыппен мерейтойлық құттықтау жеделхаттары берілді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың, сол тұста «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынованың, Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Темірбек Қожакеевтің, тағы басқа да танымал тұлғалардың, еңбек ұжымдары мен шығармашылық одақтардың лебіз-тілектері ерекше еді. Әсіресе Шер-ағаңның: «Ақ жолды» ең бір айбынды, халыққа қадірлі газеттердің бірі деп білеміз. Лайым, сол абырой аласармасын, қаламгерлерін де, оқырмандарын да қасиетті ата-бабалары- мыздың әруағы желеп-жебеп жүрсін», – деген бата-тілегі көңілде жатталып қалған-ды.
Басылым жаңа атау алғалы бергі алғашқы мерейтойлық жиын да ерекше салтанатты жағдайда, ол кез облыстық партия комитетінің бұрынғы Саяси ағарту үйі аталатын ғимараттың үлкен залында (бүгінде Тараз өңірлік университетінің бас корпусы), облыс әкімі Өмірбек Байгелдінің, оның бірінші орынбасары Кеңес Әубәкіровтің, өзге де ресми адамдардың қатысуымен өтті. Бас редакторымыз Арғынбай Бекбосын газеттің 70 жыл ішінде өткен жолы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Салтанатты жиынға газетке атсалысып жүрген, есімдері баяндамада аталған авторлар көптеп қатысқан еді. Олар да өз кезегінде мінбеге шығып сөз сөйледі, ақжарма тілектерімен бөлісті.
Дәстүр бойынша «Ақ жол» газетінің бір топ қызметкерлеріне марапаттар тапсырылды. Солардың сапында маған Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы берілді. Марапатты Қазақстан Журналистер одағының хатшысы ретінде Ар-ағаң өз қолымен тапсырғаны еді.

1992 жыл. « Ақ жол» газетінің шыға бастағанына 70 жыл толған мерейтойлық жиынға қатысушылар. Солдан оңға қарай, бірінші қатарда Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, қарт журналист Сырайыл Керімбаев, соғыс және еңбек ардагері Мақсұт Райқұлов, педагогика ғылымының кандидаты, Тараз қаласының Құрметті азаматы Ыдырыс Сағынтаев, жазушы-журналист, бас редактордың орынбасары Бақытяр Әбілдәұлы, бас редактор Арғынбай Бекбосын, ішкі істер органдарының ардагері Қадіржан Қарасартов, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайым Түйебақов, тарих ғылымының кандидаты, газеттің белсенді авторы Әбдіқадыр Жүргенов; екінші қатарда сол жақтан бесінші «Ақ жолдың» Қаратау, Жаңатас қалаларындағы меншікті тілшісі Болат Шәмшиев, Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі Бақытжан Текебаев, жазушы Мейірхан Қуанышбаев, оның артында тұрған теміржолшы-инженер Әбдуәлі Данаев, төртінші қатарда Қуаныш Иембердиев, Сейдімкүл Жұматаева, Лесбек Сайлаубеков, Сейсен Қожеке, Қалмахан Әбсаттаров, Базар Қилыбаев.

Жиыннан шыққан журналистер мен газеттің белсенді авторлары ғимарат алдындағы басқыштарға тізіліп тұра қалып, суретке түскен болатын. Өзімде сақталып келе жатқан сол суретті осы естелікке қоса беріп отырмын.
Республикадағы облыстық газет редакторлары арасынан тұңғыш болып 1994 жылы еліміздің жоғары заң шығарушы орнына жол ашатын мандат үшін тартысты додаға түскен Ар-ағаң Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарынан көп дауыс алып, Жоғарғы кеңестің соңғы шақырылымына депутат болып сайланды. Бұл кеңес таратылған соң, жеті-сегіз айдай «Ақ жолға» бас редактор қызметін атқарды. 1995 жылдың желтоқсан айында қос палаталы тұңғыш Парламенттің сайлауы өткізілді. Мойынқұм, Шу, Тұрар Рысқұлов және Байзақ аудандарының сайлаушыларының таңдауы Арғынбай Бекбосын ағамызға түсті. Ел сеніміне сай заң шығарушы орында сауатты заңдар қабылданылуында үлкен белсенділік танытты. Президент жанындағы Жоғарғы Тәртіптік кеңесінің, ол таратылғаннан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Белсенді жұмысы үшін 1998 жылдың наурыз айында «Парасат» орденімен марапатталды.
Депутаттық өкілеттігі біткеннен кейін 2003 жылдың қыркүйек айына дейін Парламент Сенатында бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімін басқарды.
Елге оралған Ар-ағаң Тараз қаласының іргесіндегі Жалпақтөбе ауылынан, Талас өзенінің жағасынан екі қабатты жер үй алып, осында шығармашылықпен алаңсыз айналысты, талай тамаша шығармаларын жазды. Жаңа рубаяттары, уақыт тынысына үн қосқан мақалалары мен тілшілерге берген сұхбаттары республикалық басылымдарда, облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерінде жарияланып,  теледидардан да жиі беріліп тұратын.
Біле-білсек, «Қазақтың Омар Һайямы» атандырған жүректі баурап алатын тамаша төрттағандарын жазуды жалғастыра отырып, барлық жанрда дерлік өнімді еңбек еткен, кітаптар шығарған қаламгер болды. Орыс тілінде жазған эсселері мен повестері «Алаш» баспасынан «Медаль за город Будапешт» деген атпен көркем безендірілген кітап болып шықты.
Шығыс пен батыс классиктерін қазақша сөйлетті. Атақты ғалым Иман Валерия Порохова тәржімалаған пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадистерін қазақшаға тұңғыш өлеңмен сәтті аударғаны да мерзімдік басылымда жаңалық ретінде кеңінен жазылды.
Бітім-болмысы бөлек Ар-ағаң облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысты. Бірнеше жыл Тараз мемлекеттік (қазірде өңірлік) университетінде болашақ журналистерге дәріс оқыды, осы оқу орнының Құрметті профессоры атанды. Облыстық ардагерлер кеңесі мен Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің төралқа мүшесі болды.
Өзі екі рет бас редактор болған «Ақ жол» газетінде 2017 жылдың 25 ақпанында бір бет болып жарияланған «Тектіліктің белгісі. Дулат бабаға ескерткіш орнату орынды ма?» деген мақаласы облыста үлкен пікір тудырған еді. Мақаланы оқыған ардагерлер оның авторын ортаға алып, Тұрар Рысқұлов ауданына, ескерткіш орнату белгіленген орынға баруды ұйғарды. Бірақ айтылған күні Ар-ағаңсыз жолға шығуға тура келді. Сол күні аяқ астынан науқастанып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен ағамыздың сауығып кетуіне, қатарға қосылуына үмітті едік. Сексен жылдық мерейтойын өткізуге дайындық қызу жүріп жатқан.
Тағдырдың жазуына не шара, 2017 жылдың 1 мамырында ардақты ағамыз Алланың аманатын тапсырды. Облыс халқы қара жамылды. Ардақтап туған ауылына, ата-бабалары жатқан қорымға жерлеп қайттық.
Содан бері де есімі ардақталып, іс-шаралар өткізіліп келеді. Бақиға озғанынан кейін, 2017 жылы республикалық «Алаш» баспасынан 3500 рубаяттан тұратын «Фәнилік драма» және «Тағдыр етсе Алла…» хикаяттар, эсселер кітаптары шықты. Бұл кітаптардың тұсаукесерлері облыстық драма театрында өткізілді. Байзақ ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайында «Арғынбайтану» бұрышы бар. Оның ашылуына қатысып, лентасын қию құрметіне ие болдым. Сондай-ақ Арғынбай Бекбосын туралы мерзімдік басылымдарда, ғаламторда әр жылдары жарық көрген мақалалар, сұхбаттар, арнау өлеңдері енген «Жүзі жарық Ар-аға» кітабын құрастырып, жергілікті баспадан шығардым. Кітаптағы Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, Қайырбек Асанов, Болат Бекжанов, Ербол Қанбатыров, Қасқырбай Нарбатыров, Мақұлбек Жәнәліұлы және басқа ақындардың арнаулары Ар-ағаңа деген зор құрметтерін білдіретін тебіреніске толы.
Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында үлкен портреті ілініп, кітаптары қойылған. Осында былтыр Ар-ағаңның туған күніне арналып «Тұлға еді ізгіліктен із қалдырған…» деген атпен еске алу іс-шарасы өткізілді. Облыстың шығармашылық қауымы мен ардагерлер өкілдері қатысты.
Биыл Ар-ағаңның туғанына 85 жыл толады. Осыған орай ұлы бабасы Қосы батыр атындағы қоғамдық қор бірқатар іс-шараларды өткізгелі отыр.
Еліне тигізген шарапаты мол Ар-ағаң облыс басшылығына айтып, қаржы бөлгізіп, туған ауылында орта мектеп ғимаратын салғызған еді. Іргетасы қаланған күннен бастап, қашан аяқталғанша назарда ұстады. Ашылуына қатысып, тебірене сөз сөйлеген болатын.
Ауыл ардагерлерінің жасаған ұсынысын мектеп ұжымы қолдап, осы оқу орнына Арғынбай ағамыздың есімін беру туралы бастама көтерді. Бұл бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бақилық болғанынан бергі жылдар ішінде бейнесі биіктеп, жоқтығы сезіле бастаған Ар-ағаңның артында қалдырған шығармаларын, әсіресе төрттағандарын оқудан алар әсер ерекше.
Таразда ылғи жүргем жоқ күнеспенен,
Талай өмір өрілген күреспенен.
Баянсызға базар боп өткен күннен,
Бодауына қалса етті бір есті өлең!
Тараз қаласын жырына қосып, күреспен өрілген, елді ізгілік жасауға үндеп өткен ғұмырын төрт жолға сыйғызып жеткізе білген ағамыздың есімі, қалдырған рухани мұралары – кітаптары кейінгі ұрпаққа мирас болып жетері анық.

Тұрсынхан Толқынбайұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 86
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 49
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 120
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 120
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 38
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 86
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 230
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 234
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 447
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 409

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9108
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8505
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11734
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9500
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10714