Бүгін Жеңіс саябағында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне және Мәңгілік алауға жыл сайынғы гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімінен кейін ішкі істер органдарының ардагері, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері Анатолий Пантелеймонович Никитюкке бардым.
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжановтың атынан құттықтау жеделхатын оқып бердім.
— Біз бостандығымыз бен өмір сүру құқығымызды абыроймен қорғаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне тағзым етеміз.
Сіздердің өшпес ерліктеріңіз біз үшін әрқашан қайсарлықтың, қажымас ерік-жігердің үлгісі болып қалады, — делінген жеделхатта.
Анатолий Никитюк — ІІМ зейнеткері, 1957 жылдан бастап облыстың ішкі істер басқармасында өрт сөндіру күзеті, қылмыстық іздестіру, ведомстводан тыс күзет және Жамбыл облыстық МАИ әртүрлі лауазымдарында қызмет атқарған. Құрметті демалысқа полковник шенімен шықты.
Ол 22 мемлекеттік, партиялық және ведомстволық наградалармен, оның ішінде үш дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Партиялық ерлік» орденімен марапатталған.
Ардагерді Жамбыл облысы Полиция департаментінің атынан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, гүл шоқтарын, азық-түлік себетін, естелік сыйлықтарын табыс еттім.
Өз кезегінде Анатолий Никитюк: «Біз көптеген қиыншылықтардан өттік, сондықтан болашақ ұрпақтың мұндай соғысты ешқашан көрмеуін шын жүректен тілеймін. Әр шаңырақта бейбітшілік пен тыныштық болсын!» — деді.