Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайту үшін аудан, ауыл тұрғындарының мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, қажетінше қолдау көрсету маңызды. Оның үстіне аграрлы аймақтарда халықтың
тұрмыстық табысын арттыруға мүмкіндік мол. Бұл ретте аудан жұртшылығы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудан шет қалмауы қажет.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданында болды. Іссапар барысында шаруашылық және әлеуметтік бағыттағы нысандарды аралап, аудан тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы алдымен «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының көкөніс алқабына барды. Темірбек Бұралқиев басқаратын шаруашылықта 20-дан астам адам маусымдық жұмысқа тартылған. 2004 жылдан бері түрлі дақылдар егіп, егістіктің қыр-сырын меңгерген шаруа биыл алғаш рет 120 гектар алқапқа пияз егіп, тамшылатып суару жүйесін іске қосқан. Алқап басында Нұржан Молдиярұлы екі қолды бос қоймай, қалауын тауып, жерді игеруге білек сыбана кіріскен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қашанда қолдау болатынын жеткізді.
Өңір әкімі бұдан соң Қаракөз Ускенбаева басқаратын жекеменшік «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына бас сұқты. 140 орынға шақталған балабақша былтыр пайдалануға беріліпті. Нұржан Молдиярұлы білім беру саласындағы мәселелерге назар салды. Бөлім басшысы Майра Базарова білім беру бағытындағы статистикаларды сабақтай келе, аудандағы 3 мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатса, 5 бірдей қосымша білім беретін мекеменің ескірген ғимаратын қайта жөндеуден өткізу қажет екенін алға тартты. Осы ретте облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы бөлім басшысынан оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға баса назар аударып, мәзірдегі бал және көкөніс өнімдерінің сапасына селқос қарауға болмайтынын ескертті.
Облыс әкімі бастаған топ Құлан ауылы «Арай» алқабындағы көппәтерлі тұрғын үйлерге аялдады. Мұнда мердігер «Сырым-білеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын бірер айдың бедерінде аяқтайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйлердің сапасына көңіл бөлген аймақ басшысы талап бойынша үйдің инфрақұрылым желілерін толығымен аяқтаған соң, пәтер беруді тапсырды. Яғни мұнда ауыз су,табиғи газ, жарық, жол мәселелері жуық арада толығымен шешіледі. Бұдан соң, Т.Рысқұлов аудандық ауруханасына ат ізін салып, дәрігерлердің жұмысын бақылаған өңір әкімі сала мамандарына денсаулық сақтау саласында ең әуелі қызмет көрсету сапасына жоғары мән беру керек екенін ескертті.
– Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, қордаланған мәселелер уақтымен оңтайлы шешімін табуда. Соған сәйкес қызмет көрсету сапасы да жоғары болуы тиіс. Орта білімді мамандар мен дәрігерлер өз жұмысын жетік білгені дұрыс. Медицина мамандарына қойылатын талап жоғары. Сіздер көтеріп отырған аурухана салу мәселесі де назарымызда,– деді Нұржан Молдиярұлы.
Келесі кезекте облыс әкімі Құлан ауылындағы күрделі жөндеуден өткен «Сұлутөр» кинотеатрына бағыт бұрды. Ауданда жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлініп жатқанын айтқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов тегін караоке ашылғанын және ауылдарда мәдениет үйі мен спорт алаңшалары салынып жатқанын алға тартты.
Іссапар барысында облыс әкімі Абай ауылдық округі әкімдігінің жұмысымен танысып, ауыл халқының табысынан бастап, әр округтегі жайылымдық жер мен мал басына дейін сұрап білді. Ауылдық округ әкіміне бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
–Халықтың тұрмыстық табысын арттыру бағытындағы жұмыстар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында. Округ әкімдері ауылдағы әр шаңырақтың жағдайын білуі керек. Кейін тұрақты жұмысы жоқтарға міндетті түрде қолдау көрсету қажет. Әр үйде кем дегенде бір адамның тұрақты жұмысы болуын қадағалау керек. Ауыл әкімдері округтің пилоттық жобаға енуін күтпей, өзінің жоспары бойынша жұмыстарды тиімді ұйымдастырғаны ләзім. Ауылда жайылым мәселесі шешілгенімен, мал саны аз. Сондықтан сүт, ет өнімдерін делдалсыз өткізуге тырыссақ, ортадағы қаражат қалтаға түседі. Мысалы, сүт өнімінің литріне беретін субсидияны да азсынбай алған дұрыс. Округ әкімінің негізгі жұмыстары осы, –деді Нұржан Нұржігітов сөзін түйіндей келе.
Осы ауылдық округтегі үй іргесінде қосалқы шаруашылықпен айналысып, көл-көсір жұмыс жүргізіп отырған Орынбай Бекназаровты ауыл тұрғындары жақсы таниды. Ол бірнеше жылдың шеңберінде бау-бақша жұмысын гүлдендіруге ден қойып, шағын ғана шарбағын таңқурай алқабына айналдырған. Осы күнге дейін, ауладағы бақшасына түрлі көкөністер егіп, тәжірибе жасаудан жалықпаған қария оңтүстік өңірлердің ауа райына таңқурай таптырмайтын өсімдік екенін айтуда. Үй иесі істің көзін тапқандар ауланың әр шаршы метрін тиімді пайдаланып, бірді екіге қосып шаруасын шалқытуына болады дейді. Нұржан Нұржігітов шағын ғана ауладан мол өнім алып отырған отбасының тәжірибесін басқа ауылдастарына, аудан тұрғындарына үлгі етіп, осындай пайдасы көл-көсір кәсіпке тартудың маңызы бөлек екенін еске салды. Іссапардың соңына қарай Нұржан Нұржігітов «Қарақыстақ ГЭС» шағын су-электр станциясының жұмысымен танысып, Құлан, Қорағаты ауылының халқымен кездесіп, сан салаға қатысты сауалдарын тыңдады. Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Құландықтармен өткен кездесуде округ әкімі Еркін Сейітжапаров ауылда атқарылған жұмыстар жөнінде және жоспарлы шаралар туралы есеп берді. Округ әкімінің баяндамасынан кейін, Нұржан Нұржігітов ауылдағы барлық 3783 отбасының тұрмыстық ахуалы туралы талдаудың қорытындысын сұрады.
– Барлық аула бойынша талдау жасалуы керек. Бұл дегеніміз, аулалардың тұрақты табысы, негізгі кіріс көзі мен әлеуеті туралы ақпарды білуге және жеке қосалқы шаруашылығын қаншалықты тиімді пайдаланып отырғанын анықтауға септігін тигізеді. Талдауды осы сұрақтаға сай дайындау керек. Ауылдықтар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін жете түсіне бермейді. Оны аудан, ауыл әкімдіктері халыққа барынша жеткізіп, бағдарламадан қалыс қалмауға шақырып, қол ұшын беруі қажет. Бюджет қаражатынан тыс, инвестициялық жобаларды жүзеге асыра отырып, жаңа жұмыс орындарын құруды ойластырыңыздар. Негізгі міндет – халықтың табысын арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешу, –деді Нұржан Нұржігітов.
Жиында ауыл тұрғындары облыс әкіміне түрлі сауалдарын қойды. Сұрақтардың дені ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия, жер, жастар тәрбиесі, қоғамдық көлік, суармалы су және тағы да басқа мәселелер төңірегінде болды.
Жиында аймақ басшысы 2025 жылға қарай облыстағы барлық елді мекендер толықтай таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 100 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 94 пайызға жететінін хабарлады.
Ауданның жанашыр азаматтары ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі мәселелерді көтеріп, ауыл халқын ынтымаққа, бірлікке шақырып жатты. Бұл сауалға облыс әкімі де үн қосты.
«Бала тәрбиесіне келетін болсақ, бұл тұрғыда бар жауапкершілікті мектепке жүктеп қоюға болмайды. Әрбір ата-ана тәрбиені отбасынан бастап, педагогтермен бірге бұл іске белсенді түрде атсалысуы тиіс»,– деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің Қорағаты ауылдық округіндегі кездесуінде ауыл тұрғындары көптен бері жұрттың бас ауруына айналған жер дауын шешіп беруді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін осы мәселе жөнінде облыстық комиссия құрылып, комиссия мүшелерінің айдан астам уақыт зерделеген жұмысының нәтижесінде бірқатар шешімдер қабылданған-ды. Дегенмен ауылдықтар кейбір шешімдер бойынша келіспейтінін айтып, әлі де шиеленіскен жағдайлардың бар екенін жасырмады. Осы ретте облыс әкімі тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, барлық мәселелер заң аясында толығымен реттелгенше комиссия жұмысы тоқтамайтынын еске салды. Ізінше жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Айталық, комиссия құрамында жауапты сала мамандары, ауыл тұрғындары және құқық қорғау органдарының өкілдері бар.
Облыс әкімі кездесуден соң 30-ға жуық ауыл тұрғынының жеке сауалдарына жауап беріп, барлық мәселелер назарға алынатынын және заң аясында шешілетінін айтты.