Орал қаласында «Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы» қатарында азаматтық борыштарын өтеген ардагерлердің қоғамы құрылды. Республикалық қоғамның облыстық филиалы болып құрылған бұл ұйымның басты мақсаты – Отанын жаудан қорғаған бабалар ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау.
Бұл ұйымның ресми атауы – «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі. Яғни бұл бірлестіктің құрамына Венгрия, Польша, Чехославакия елдерінде әскери борыштарын өтеген азаматтар да кіреді. Осы бірлестіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылиховпен жүздесіп, аға буынның қолға алған жұмыстарымен кеңірек танысудың сәті түсті. Айтуынша, Ұлы Отан соғысы аяқталған жылдан бастап Германия жерінде міндетті әскери қызметтерін өткерген қазақстандық ардагерлердің алғашқы басқосуы киелі Түркістан өңірінен басталған екен. Содан кейін қалған облыстарда филиалдары құрылып, ортақ ниетке жұмылған батысқазақстандық ардагерлердің де бұл бастамасы жергілікті биліктің, соның ішінде Орал қалалық әкімдігінің тарапынан қолдау тапқан. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қоғамдық бірлестіктің жұмысына көңіл бөліп, қоғам ардагерлері бас қосатын кеңсе мәселесін шешіп беруге қолдау көрсететінін айтқан.
– Мемлекет басшысы да өзінің биылғы Жолдауында азаматтық белсенділікті жандандыру, еліміздің дамуына ықпалын тигізетін қоғамдық ұйымдар ашу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Біз де осы міндет аясында «Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлері» қоғамдық бірлестігін құруды қолға алдық. Бұл жұмыстың басы-қасында республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бақыт Тастанов жүргенін атап өту керек. Біздің басты мақсатымыз – бабалар ерлігін дәріптеу. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл санап азайып барады. Арамызда аман-сау жүргендерінің ішінде өз аяғымен жүретіндері санаулы, қалғандары төсекке таңылған. Ал олардың Отан үшін отқа түсіп, қандай ерлік жасағанын насихаттау – біздің парызымыз. Қазір ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Ал ұлан-байтақ жерімізді қорғау, ел басына күн туғанда қолына қару ұстап атқа қону – әрбір ер-азаматтың міндеті, – деді Ұзақбай Тілекқабылұлы.
Яғни, «елім маған не береді» деп емес, «мен еліме не бере аламын» деген ізгі ниетпен құрылған қоғамдық ұйымның ардагерлері үшін ең маңыздысы – елдің тыныштығы және бейбітшілікті ұстап тұратын ұрпақ тәрбиесі екенін ұғындық. Жат елдің шебінде болса да, алдымен елінің қауіпсіздігін кірпік қақпай күзеткен аға буын өкілдері аз уақыттың ішінде біраз жұмыс атқарып үлгерген.
9 маусым – Германиядағы Кеңес әскерлері тобының құрылған күніне орай Оралда салтанатты жиын өтіп, бірқатар ардагерлер мерейтойлық төсбелгілермен, алғыс хаттармен марапатталды. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов ардагерлерді құттықтап, қала әкімінің атынан марапаттар табыстады. Сонымен қатар осы мерекелік кеште бірқатар қоғам мүшелері БҚО ардагерлер кеңесінің, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының марапаттарына ие болды. Қаладағы саябақтардың біріне «Германиядағы Кеңес әскерлері тобы ардагерлерінің» аллеясы жасақталып, тал-теректер отырғызды. Оқу орындарында болып, студенттермен кездесіп, ғибратты ой-пікірлерімен бөлісті. Алдағы уақытта ардагерлер бұдан да ауқымды жұмыстарды атқаруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, бүгінгі таңда облыстық филиалға 80-нен астам ардагер тіркелген. Жаңадан жұмысын бастаған ұйымның қатары әлі де көбейе түсері сөзсіз.