Т.Рысқұлов ауданындағы Қайыңды ауылында жас кәсіпкер Ардақ Кәмілжанқызы елге қайырлы кәсіппен айналысып отыр. Сан алуан шөптер мен ағаштардан емдік шипалы сабын, ыдыс жуатын сұйықтық жасап, қолжетімді бағада сатылымға шығаруда. Ол осылайша экологиялық таза, отандық өнім өндіруді мақсат етеді.
Қазір нарықта шетелдік компаниялардың экологиялық таза құрамды деп сатылатын жуу құралдары өте көп. Бірақ бағалары бірінен-бірі асады. Осы тұрғыдан да, әрі отандық сапалы өнім өндіру жағынан да Қайыңдыдан шығатын сабын мен ыдыс жууға арналған құралдың маңыздылығы жоғары.
– Біз Қытайдан ке
лген қазақтармыз. Білесіздер, ол жақта емшілік өте жақсы дамыған және шипагерлікке өсімдіктер мен шөптерді көптеп қолданады. Мен сол жақта сабын шығаратын зауытта жұмыс істедім. Жан- жағымдағылардан әр ағаш пен шөптің емдік қасиеті жөнінде естіп, әбден іздендім. Сол білімімді, тәжірибемді Отаныма оралған соң ел игілігіне пайдаланғанды жөн көрдім. Қазақстанға оралғанымызға көп бола қойған жоқ. Ауданның тауға жақын орналасқан Қайыңды ауылына қоныстанып, үйден шағын цех аштым. Қажетті өсімдіктердің табылмағандарын Қытайдан алдыртамын. Мысалы, жуу құралдарын жасауға ең қажеттісі – сақар. Ертеде әжелеріміз кір жуатын қара сабынды сақардан жасаған. Әлі де ел ішінде қолдан қара сақар сабын жасайтындар бар. Ол өте пайдалы, тері ауруларына емі бар және ешқандай аллергия тудырмайтын сабын. Алдымен сары қурайдың сақарына май қосып қайнатамын. Мен зәйтүн майын қолданамын. Оған минералдар қосылған арнайы тұзды қосамын. Қайнауының өзіне мән беру керек, қатты бұрқылдамай, жай, тербетіле қайнағаны дұрыс. Одан ары қолға арналған май, теріге пайдалы дәрумендер сұйықтығын және зиянсыз көпірткіш қосамын. Дайын болған кезде жылдамдатып қалыптарға құямын. Әр сабынға пайдалану мақсатына қарай жемжеміл, көкемарал, адыраспан, алоэ, қияр, қарт қарағай секілді өсімдіктерді қосамын. Біреуі шаш түсуін тоқтатса, біреуі іштегі суықты, желді кетіреді, енді біреуі тері ауруларына ем. Балдан жасалған түрін көбіне әйел адамдар бет күтімі үшін алады, ол теріні салбыраудан жинақтап, түсін ағартады. Әр өсімдіктен алынған сабындардың түстері де әртүрлі болып шығады. Ешқандай аллергия тудырмайтын, зияны жоқ, негізгі қоспалардан қайнатылған сұйықтықты ыдыс жууға қолдануға арнап әзірлеймін. Онымен тек ыдыс жуып қоймай, көкөніс, жеміс-жидектерді жуса, залалсыздандырады, – дейді Ардақ.
Әзірге машақаты көп жұмыстардың бәрін Ардақ жалғыз өзі атқарып жүр. Егер қайнатпаны дайындайтын құрылғылар алса, әр аппаратқа екі адамнан жұмысшы алмақшы. Сөйтіп, шағын цехын кеңейтсе, бірнеше тұрғынға тұрақты жұмыс көзін ашпақ ниетте. Ол мұнымен тоқтап қалмай, кәсіпкерлігін кеңейтіп, шаш жууға арналған сусабын мен бальзамның да экологиялық таза түрлерін өндірмекші. Алайда, оған қаржылай қолдау қажет. Мемлекеттен көмек алу үшін сусабын мен бальзам өндіретін жобасын сараптамаға ұсынғалы отыр. Егер жобасы қолдау тапса, орталықтан шалғайдағы Қайыңды ауылынан да өндіріс орны ашылады.
– Қазір өз кәсібімде барынша қазақы ұлттық нақыштарды ұстанамын. Өнім қорабындағы ақпаратты тек қазақ тілінде жазып, құрамына ертеде қазақтар қолданған емдік шөптерді қолданамын. Уқалау емін (массаж) де меңгергенмін. Ол да осы кәсібімді дамытуға әсер етті. Егер кәсібімді жоспарлағанымдай дамыта алсам, экологиялық жуу құралдарын өндірудің қазақы брендін қалыптастырғым келеді. Әзірге тұтынушыларым бұл өнімдердің қасиетін білетін шағын ғана орта болып отыр. Көбіне Алматы өңіріндегі сырттан келген қандастар көптеп тапсырыс беріп, сатып алады. Сосын осы ауылдағы өнімім мен жақсы танысқан, пайдаланып, әсерін байқаған тұрғындар – менің тұтынушыларым. Әзірге тапсырыспен ғана шығарып отырмын. Көптеп шығаруға қол күші аз болып тұр. Егер қажетті аппараттарды алсам, әрқайсысына екі адамнан жұмысшы алар едім. Себебі, бір адам шикізатты құйып тұрса, екіншісі дайын болғанын қалыпқа құйып алып тұруы керек. Сонда өнімділік те артады. Аз ғана әзірлесем де қазірдің өзінде сұраныс өте жоғары, себебі бағасы қолжетімді. Мысалы, 400 грамдық құтыға құйылған ыдыс жуатын сұйықтықты 600 теңгеден сатып жатырмын. Оны қолданатын ауылдасым бір құтысы екі айға жететінін айтады. Ал, сабын мың теңгеден сатылуда, – дейді Ардақ Кәмілжанқызы.
Елге пайдалы, денсаулыққа шипалы, құрамы зиянсыз таза өнім шығаратын кәсіптің дамығаны – дүйім жұрт үшін олжа. Шағын ауылдан ондай кәсіпорын ашылып жатса, ауылдың өркендеуіне де оң ықпалын тигізері сөзсіз.