Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ана мен әйел мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Биік-биік мінберлерден әйел мәртебесін көтеру, аналардың тұрмысы мен қоғамдағы ролі туралы да жиі-жиі айтылып келеді. Оның нәтижесін де көріп жатырмыз.
Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл, ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи-көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Зере, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны т.б. көркем бейнелерде бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген.
Астана қаласындағы Достық үйінде 11 маусым күні ҚХА XXIII сессиясына орайластырылған Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы болып өтті.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы әйелдер қанаты, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, Әлеуметтік жаңашылдар қауымдастығы, «Қазақстан психологтар одағы» өкілдері, сондай-ақ «Әкелер одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының өкілдері қатысты.
Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова өтіп жатқан іс-шара жайлы кеңінен әңгімелеп, алғашқы рет ұйымдастырылып отырғанын және оның мән-маңызы жоғары екеніне тоқталды.
«Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Десе де дөңгелек үстел басына жиналған, әрқайсысының қоғамда өзіндік рөлі бар қатысушылармен көптеген жылдардан бері қоян-қолтық бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Бұл жолы «Салауатты сана» бағдарламасын талқылап, күш-жігерімізді қоғамдағы лудомания, наркомания, ысырапшылық, отбасын бұзатын өзге де мәселелердің алдын алуға біріктіріп, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоймақпыз», – деді Алтынай Тәңірбергенова.
«Әділ қоғам құрудағы әйелдердің рөлі» деп аталатын секцияда алғашқы сөз кезегі Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайыноваға ұсынылды.
«Біз бұл кездесуді «Әрекет алаңы» деп атадық. Яғни бүгінгі отырысты сөзден іске көшетін, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған, нақты қадамдар мен ортақ бастамаларға жол ашатын алаң ретінде қарастырамыз.
Бұл кездесуге, негізінен, әйелдер қауымы жиналды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – елордамыздағы, тіпті, мүмкін болса, бүкіл еліміздегі әйелдердің күшін біріктіре отырып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешуге және әйел көшбасшылығын одан әрі ілгерілетуге ден қою.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – түрлі форматтағы диалогқа кең мүмкіндіктер беретін берекелі алаң. Мен бүгінгі диалогтың нәтижелі боларына сенемін. Сонымен қатар бүгінгі кездесуге қатысып отырған Астана қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Мұқанбетпанақызын ерекше атап өткім келеді. Өйткені өткен жылдан бастап, Астана қалалық мәслихатында Ассамблеямен өзара іс-қимыл жөніндегі депутаттық топ жұмыс істеп келеді.
Бұл – қала деңгейінде бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуде халық қалаулыларының әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды ресурс.
Сондықтан баршаңызды бүгін белсенді жұмысқа, мазмұнды өзара әрекеттестікке шақырамын», – деді Ләззат Құсайынова.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары бұл «Әрекет алаңындағы» алғашқы кездесу болғанмен, алдағы уақытта жүйелі өткізіліп тұратынын айтты.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы әйелдер қанатының төрайымы, мәслихат депутаты Салтанат Женалаева да бүгінгі отырыс қатысушыларының мақсаты бір екенін, оның ішінде әйелдерге бизнесте қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, аналардың денсаулығына қамқорлық көрсету сияқты игі істерде бірлесіп жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
«Біз, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы әйелдер қанаты, осыған дейін 128 іс-шара өткіздік. Көмек сұрап келген көптеген әйелдердің мәселелері шешілді. Бұл – жай ғана статистика емес, шынайы өмірде болып жатқан оқиғалардың оң шешімі. Біз осылайша қолдауды қажет ететін көптеген жандарға көмектестік. Бүгінгі мазмұнды диалогтан кейін күш біріктіріп әрекет етер болсақ, нәтижеміз одан да артады деп ойлаймын», – деді Салтанат Женалаева.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұралы Айдашев қоғамдағы әйелдердің орнын айта келе қатысушыларды қоғамдағы өзекті сұрақтарды ашық талқылауға шақырды.
«Бүгін осы жерде елімізге белгілі әйелдер – саясаткерлер, басшылар, төрайымдар, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналып отыр. Мұндай кездесулер тек формальді сипатта ғана емес, қоғамды алаңдататын өзекті мәселелерді ашық талқылауға бағытталуы керек.
Бүгінгі күннің аналарын, балаларын не толғандырады? Әйел затының қазіргі қоғамдағы, жалпы әлемдегі орны қандай? Осындай сұрақтарға жауап беріп, оларды жоғары деңгейде көтеріп, нақты оң шешімдерге қол жеткізу – сіздердің алдарыңыздағы маңызды міндет.
Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген мәселелер бар. Көпбалалы аналардың, кәсіпкер әйелдердің, жалпы қарапайым тұрмыстағы әйелдердің өзекті проблемалары бар. Аналар кеңесі – дәл осы мәселелерді көтеретін, талқылайтын, шешім жолдарын ұсынатын орган. Сондықтан біз осы алаңда атқарылатын нақты жұмыстарды бірлесіп пысықтауымыз қажет», – деді Нұралы Айдашев.
«Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы қатысушыларының баяндамаларынан соң, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан соң дизайнер, киіз шебері, қазақ қолданбалы өнерін насихаттаушысы Мадина Қуандықтың жетекшілігімен қатысушылар бірлескен жұмыстар нәтижесінің символы ретінде киізден картина жасады.