Арлы әйел – ұлт ұяты

Арлы әйел  – ұлт ұяты

Өткен жылдың қараша айында «Қазақ әдебиеті» газетінің №45 санында Өмірзақ Мұқайдың «Ең әдемі келіншек» атты мақаласы жарық көрді. Онда таксист келіншектің бір қолымен көлік жүргізіп, екінші қолымен қасындағы арбаға таңылған бөпесін тербетіп, нәпақа тауып жүргендігі айтылады. Осындай батыл қадамға барған әйелдің бұл әрекетін оның клиенттері білмек болыпты. Сөйтсе, келіншек күйеуінен ажырасқан екен. Бір сәбиі бар, өзі пәтер жалдап тұрады. Күнкөрісі қиындаған соң, осындай кәсіппен айналысқанды жөн көріпті.

Автор бұл мақаласында тоқсаныншы жылдары Алматыдағы  «Арасан» моншасының алдында қазақтың айдай сұлу келіншегі өткен-кеткендердің аяқ киімін тазалап, кремдеп, адалынан еңбекақы тапқандығын тілге тиек етеді. Келіншек бұл қадамға неге барған? Мұғалім отбасында тәрбиеленген жалғыз қыздың әке-шешесі қайтыс болған екен. Күйеуінен ажырасқан соң, көмектесетін ешкім болмаған. Баласын асырау үшін аяқ киім тазалауды кәсіп еткен көрінеді.

Арын сатып табысқа кенелудің басқа жолын білсе де, ондай әрекетке бармаған, бара алмаған. Оған ата-анасынан алған тәрбиесі, ар-ұяты, намысы жібермеген. «Міне, қазіргі заманның «ең әдемі келіншегі» де осылар! Жөргектегі баласымен такси айдап, біреудің аяқ киімін тазалап, арын таптатпай жүрген нағыз арулар» дейді автор.

Бұдан нені аңғарамыз? Олардың бұл әрекеті елдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың мәз еместігінен хабар бергендей. Тұрмысы нашар немесе жұмысы жоқ әйелдің бәрі бірдей мұндай қадамға бара бермейді. Табылған жұмысқа жегіліп, тер төгіп, жан ауыртып, жанын қинағысы келмейтіндердің барын несіне жасырамыз?

Бүгінгі заманда жеңіл жолмен, жиіркенішті жаман жолмен ақша тауып жүргендердің сайтани әрекеттері ешкімге құпия емес. Ардан аттап, ардан жұрдай болып, тәнін сатып, пайда тауып, байлыққа кенелгендер жайлы аз айтылып жүрген жоқ.

Қазіргі кезде аяқ киім тазалайтындар емес, адамның денесін тазалайтын кәсіп пайда болды. Ол қандай кәсіп дейсіз ғой, айтайын. Адам болған соң, апта сайын моншаға барамыз. Жуынып-шайынып, буға түсіп, жеңілденіп, рахаттанып үйге қайтамыз. Кейінгі жылдары Тараздағы көпшілік моншаларда ер адамдардың арқасын езіп, кірден тазалап, сол қызметі үшін ақысын алып жүрген әйелдерді көретін болдық. Басқа ұлттың өкілдері емес, өзіміздің қаракөздер. Жасымыз ұлғайған біздер бұл көрініске жатырқай қарадық. Мұсылмандыққа мүлде ерсі екендігіне көзіміз жетсе де, амалсыз күй кештік. Денемізді ақ матамен орап, қол- аяғымыз сау кезде ешкімге күнімізді түсірмей келе жатқан жайымыз бар.

Бұл нені білдіреді?  Амалсыздық па, жоқшылық па? Сонда ар-ұят қайда қалды? Әлгі келіншектің туған-туыстары, жақындары, дос-жарандары жоқ па? Солар қалың еркектің ішінде пилинг жасап жүрген өздері білетін, өздері танитын әйелді көріп қалса, не боларын ақылға салып көрді ме? Оқушы балалар, бозбала жігіттер не ойлайды? Мектептен алған тәлім-тәрбиенің жемісін осы моншадан көріп, бейкүнә ой-қиялына әсер етіп кетпей ме?

Бұлардан массаж жасаушы әйелдер де қалысар емес. Моншаның бір бұрышында кабинет ашып алған. Сол жерде еркектердің арқасы мен балтырын уқалап, күндерін көруде.

Былғаныш дүниеге бас сұғып, былғанып жүрген, лас жерде нәпақа тапқан қазақ әйелінің соншалықты төмендеп кетуінің сыры неде? Неге соншалықты әдеп-ұятты белге қыстырып қойып, ақша табудың жолы осы екен деп, көргенсіздіктің көкесін көрсете берулері керек пе? Бұған кім кінәлі? Бұған қалай жол беріп қойдық?

Осы орайда белгілі актер Бекжан Тұрыстың мына сөздері ойға оралады. «Мен мың қазақтың ішінен шын қазақ іздеп жүрмін. Өйткені қазір біздің бойымыздан қазақы қасиеттер жоғалып бара жатыр. Кез келген ұлттың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы болады. Академик Семеновтың /бүркеншік аты – Тянь-Шанский/ «Қазақтарды оқытудың қажеті жоқ, қазақтардың дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған білім» деген сөзі бар. Шындығында солай едік қой. Ал қазір сол өзіміздің дәстүрімізден алшақтап бара жатырмыз. Сақтан қалған салт жетпей жатса, ғұннан қалған ғұрып жетпей жатса, сол дәстүрден айну деген адам шошитын нәрсе. Кешегі Алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да керемет сөзі бар «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол – дәстүр бұзушылық». Міне, мен қазір сол дәстүр бұзғандардан қорқамын. Қазақтың өзінің болмысы бөлек еді ғой, ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған. Кезінде аналарымыз нанның қоқымын жерге тастатқызбайтын, ал қазір нанның қоқымы емес, балаларын қоқысқа тастап кетіп жатқан қоғамда өмір сүріп келеміз. Бұл қандай қасірет! Әйтпесе, қазақ әйелінің болмысы қандай еді? Мұхтар Әуезов әдемілеп суреттейді ғой «қазақ әйелі еріне серік болған, уәдесіне берік болған. Ерді ойлаған, елді ойлаған, нарды ойлаған, жарды ойлаған» деп. Бұған қоса «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген де сөзі бар. Ал сол бесіктен бұрын әйелдің халін түзе дейді. Сол бекер айтылмаған». /«Qazaqstan dauiri» газеті, №3, 19 қаңтар 2023 ж./

Бекжан бауырымыз осы әңгімесінде мынадай ойды ортаға салады. «Бір тойда жүргенімізде тоқсаннан асқан апаға сөз бердік. Сонда апамыз: «Менің айтарым –  келіннің көтерер жүгі ауыр болады. Еркелігіңді, қыз күніңді, барлығын төркініңе тастап кет, балам. Келіннің үш күйеуі болады. Біріншісі – алтын елі, екіншісі – ар-намысы, үшіншісі – жары. Алтын елге болаттай берілсең, адалдықтай атың шығады. Адал атыңды сақтасаң, алған жарың қайда болады, жарығым. Құдайым саған құл болмайтын ұл көтеретін құрсақ берсін!» – деп апамыз батасын беріпті. Бұл да қазақ әйелінің, адалдықтың ақ бесігін тербеткен анамыздың дуалы аузынан шығып жатқан сөз екендігі анық. Яғни келіннің екінші күйеуі оның ар-намысы, ұяты екендігін баса айтып тұр. Осы айтылғанды кемеңгерліктің белгісі демеске лаж жоқ.

Әлемнің бірнеше елінде, атап айтқанда, Түркия, Малайзия және Өзбекстан секілді мұсылман елдерінде болудың сәті түсті. Сонда нені көрдік, нені байқадық? Біріншіден, экономикалық және әлеуметтік жағынан дамыған қуатты мемлекеттер екендігіне көз жеткіздік. Мәдениет саласындағы жетістіктеріне де куә болдық. Адамдары да жайдары, көңілді. Қонақтарды құшақ жайып қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салады. Әл-ауқаттарының жоғары екендігін, өмір сүру сапасының айтарлықтай өскендігін байқау қиын емес. Менің айтпағым басқа.

Осы елдерде болған кезімізде әйелдердің қоғамдағы орнын байқап, риза болдық. Дәмханалар мен мейрамханаларда, асханада әйел баласының төбесін көрмедік. Ас дайындап, тамақ пісіріп жүргендердің дені еркек кіндіктілер. Әйел баласы оқта-текте көмекші қызметін атқарғаны болмаса, көбінесе ел көзіне көрінбейді. Міне, әйел болудың үлгісін көрсетіп, әйелдің орнын белгілеп, отбасында бала тәрбиелеп, ошақтың отын маздатып, үйдің түтінін түзу шығарып, дені сау ұлағатты ұрпақ өсіріп, ұлтына адал қызмет етіп, ерлерінің мерейін үстем етіп отырған әйелдердің имандылығына, өздерінің әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қалтқысыз сақтаған қасиеттеріне қарап, ерекше сүйсіндім. Осындай елдер қатарына қосылсақ екен деп армандадым.

«Бүгінгі қазақтың қыздары орыс былай тұрсын, Африканың негріне тиетін болды. Кімде ақша бар, соған тие береді. Жақында маймылға да тиеді-ау. Тәрбиенің жоқтығынан, қазақшылық, мұсылмандықтан жұрдай болдық. Ұлтымыздың тең жартысы мәңгүрт қой, орыс тілінде сөйлейді, соның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстанады. Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді? Айтпасам, ауырып қалатын адаммын. Осындайларды айтуымыз керек. Ұлтымызға ара түскіміз келеді, өсіп-өркендеуді қалаймыз. Кім көрінген бізге не болса соны тықпалай береді. Сондықтан әрбір қазақтың жігіті ұлт үшін шырылдауы керек. Зиялы қауым өкілдері қашан да, қай заманда болмасын, ұлтының қамын ойлаған. Ұлт деген – тірі организм, ұлтқа жанымыз ашуы керек. Сол кезде біз өркениетті елдер қатарынан табыламыз», – дейді ұлт жанашыры Әділ Ақылбай «Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?» деген мақаласында. /«Жас Алаш» газеті, №94, 24 қараша 2022 ж./  

Басқа жыныстағы адамның денесін көру, оның денесін қолымен ұстау дегеніміз шариғатқа қайшы келмей ме? Әйел өз ерінің денесінен бөлек басқаның денесін көрмегені абзал. Егер басқа еркектің денесін көріп, қол тигізсе, ол зинақорлық емей немене? Бұл түптің түбінде азғындыққа апармай ма? Моншада жалаңаш еркектің денесін тазалағанша, өзінің арын тазалағаны айрықша маңызды болса керек. Қазақ «арым – жанымның садағасы»дейді. Ардан қымбат ештеңе жоқ. «Жауға салма жалғызды, дауға салма малсызды, қанша сұлу болса да, қойныңа алма арсызды» деген нақыл сөз бар.

«Адами құндылықтар өзгерген заман болды. Дүние артынан қуған заманда өмір сүріп жүрміз. Ұлт деген – қоғамның шаңырағы, шаңырақ шайқалмас үшін оның уығы – мемлекеттік идеология, керегесі ұлттық идеология болу керек. Біз сол идеологияны қалыптастырмай, осы кеткеніміз кеткен, идеологияға көбірек жұмыс істеуіміз керек», – дейді Бекжан Тұрыс өзінің сұхбатында.

Бүгінгі күннің әдемі келіншегі кім болуы мүмкін? Мен үшін әлемдегі әдемі келіншек, ол – екіқабат келіншек немесе бөпесін емізіп отырған келіншек. Иншалла, бала көтеріп, аяғы ауыр болған, балағынан бала шұбырған келіншектер, ұлтты тәрбиелейтін аналар көбейе берсін!  

 

МАҚҰЛБЕК МАЛДАРБЕКОВ, ардагер журналист
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372