Ассамблея жастары қашан да белсенді

Ассамблея жастары  қашан да белсенді

Жуырда Елордада ҚР Президентінің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы өткені белгілі. Осы алқалы жиынға қатысқан БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ассамблея жастары» төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА гуманитарлық көмекті қабылдау пунктінің жауапты жетекшісі Саясат Жарасовпен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

Саясат Садуақасұлы  дәстүрлі басқосу биыл «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын және еліміздің бірқатар облыстарындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты сессия жұмысы онлайн форматта ұйымдастырылғанын айтты. 

– Расымен де биылғы Ассамблеяның үлкен жиыны күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы да атап өтіп, осы мәселеге баса назар аударды. Соның ішінде ел халқының амандығы басты орында екенін, соған сәйкес Үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін нақты жеткізді. Өзім Ассамблея жастарының атынан қатысқандықтан, Президентіміздің осы бағыттағы жұмыстарға күш-серпін беретіндей тапсырмалары көңілімнен шықты. Ассамблея қызметін жандандыратын жастардың еңбегін ерекше атап өтті. «Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн» деп, бізді алдағы жұмысымызға ынталандырып, жігерлендірді. Сондай-ақ бұл құрылымның маңызды жағына тоқталып, конституциялық мәртебесі бар қоғамдық орган екенін сөз етті. 

Біздің облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясы да көптеген қайырымдылық іс-шараларға өз үлестерін қосып келеді. Кешегі өңірдегі төтенше жағдай кезінде жұмыла әрекет еткен Ассамблея мүшелері, этномәдени қоғамдық бірлестіктер, Ақсақалдар және Аналар кеңесі мүшелері, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қолдан келген көмектерін аянып қалмады. Өзім облыстық Ассамблеяда гуманитарлық көмекті қабылдау пунктінің жауапты жетекшісі болып қызмет атқардым. Тасқынның зардабын тартқан батысқазақстандықтарға көмектесу мақсатында Оралдағы Достық үйі ғимаратында гуманитарлық көмек көрсетемін деген қайырымды азаматтар үшін арнайы қабылдау пункті ашылған болатын. Жан-жақтан жиналған гуманитарлық көмек тұрғындарға жеткізіліп, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған штабқа 28 наурыз бен 26 сәуір аралығында келіп түскен 195 тонна 812 келі гуманитарлық көмектің жалпы сомасы 276 740 160 теңгені құрады, – деді С.Жарасов. 

Біз хабарласқан кезде Астана қаласында жүрген Саясат Садуақасұлы тағы бір жақсы жаңалығымен бөлісті. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды жастардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Әділетті Қазақстанның тірегі – адал жастар» атты республикалық форумда жерлесіміз еліміздегі жастар саясатының дамуына қосқан үлесі және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, көшбасшылық қабілетін көрсете білгені үшін «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталған екен.  

Еске сала кетсек, Саясат Жарасов – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің белсенді студенті.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО Орал қаласы

 

30.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 5230
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5390
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20353
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18989
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22453