2 желтоқсан күні «Esil University» жоғары оқу орнында «Астана – есірткісіз қала» акциясы жалғасын тапты. Іс-шараны елордалық Полиция департаменті «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, дұрыс өмірлік ұстанымдарға баулу және заңға құрмет сезімін нығайту.

«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында елорда көшелерінде наркограффиттерді бояу бойынша кең көлемді жұмыс жүргізілген. Нәтиже жақсы. Жыл басынан бері елордалық полицейлер заңсыз айналымнан 422 келіден астам түрлі есірткі затын, оның ішінде 40 келі синтетикалық есірткіні тәркіледі. Сонымен қатар екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, мыңнан астам есірткі қылмысы әшкереленді.
«Esil University» жоғары оқу орнында «Астана – есірткісіз қала» акциясына студент жастармен кездесуге Қазақстан чемпиондары, рекордсмендер және спорт пен өнер саласының танымал тұлғалары шақырылыпты. Олардың ішінде күш атлеті, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, бокстан әлем чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер және тележүргізуші Әділ Ахметов, сондай-ақ танымал блогерлер Медет Жанатұлы мен Нұргелді Кердеш т.б. бар.

Келген қонақтар жас өркендерге өздерінің жеке тәжірибесі арқылы тәртіп, табандылық және салауатты өмір салтын ұстануға көмектесетін құндылықтар туралы айтты. Өздерінің бастан кешкен түрлі оқиғаларын, өмір жолдарындағы, спорттағы қызықты да, қиын сәттерін әңгімелеріне арқау етті.
Алғашқы болып сөз алған Esil University Бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мақыш Серік Биханұлы: «Өздеріңіз білесіздер, Есіл университеті Есіл өзенінің бойында бой көтерген қазіргі елге танымал жоғары оқу орындарының бірі. Бес мыңға жуық білім алушы осы университетте білім алып жатыр. Бүгінгі өтетін іс-шара өте маңызды, әсіресе біздің студент жастарымыз үшін. Жалпы, Астана қаласы «Есірткісіз қала» болуы тиіс. Біздің жастарымыз толық бұл бастаманы қолдайды. Осында уақыт тауып, жастармен кездесуге келген қонақтарымызға, әсіресе ішкі істер министрлігінен келіп отырған әріптесіміз Дамир Қайратұлына, сондай-ақ басқа танымал қазақстандық азаматтарға басшылық атынан алғысымызды білдіреміз» деді.

Сондай-ақ спикерлер есірткінің зияны мен есірткі қылмыстары үшін көзделген жауапкершілік жөнінде жан-жақты түсіндіріп, саналы таңдау – жастардың қауіпсіз болашағының негізі екенін атап өтті.
«Дені сау ұрпақ – ел ертеңі. Сондықтан зиянды заттар мен әдеттерден аулақ болу өздеріңе жақсы. Таңдау өз қолдарыңда. Мен сендердей кезімде спортты құп көрдім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Сол себепті адаспауға тырысыңдар. Осында отырған жастардың әрқайсысы өмірден өз жолдарын таба алады деген үміттемін», – деді Мерей Ақшалов.
Студенттер алдында ГКП на ПХВ «ГЦПЗ» нарколог-психиатр дәрігері Омарова Назым Жарасбекқызы да сөз сөйлеп, психоактивті заттарды қолданудың қандай медициналық ауыр салдарға әкелетінін түсіндірді. «Біз мұндай сабақтарды не үшін өткіземіз? Бас мақсат – сіздерге дұрыс ақпарат жеткізіп, ондай заттарды ешқашан қолданбау керегін түсіндіру. Неге? Өйткені қазір жас балалар қорқыныш дегенді білмейді. Бұрын біз үшін наркоманның портреті қандай еді? Ол көктамыр арқылы есірткі қолданатын. Қазір олай емес. Қазір есірткіні интернет арқылы таблетка, сусын түрінде алуға болады. Оның салдары ауыр. Синтетикалық есірткіні бір рет пайдалану өте қауіпті. Біз күн сайын осындай проблемамен кездесеміз. Галлюциногендік салдары да өте қорқынышты», – деп түсіндірді маман.

Астана Медицина Университетінің психиатр-наркологы Молдахметова Русалина Нұрланқызы да жастардың психикалық ауытқуы жайлы айта келе, қиындыққа шыдамау, төзбеу, ашуланшақ болуының астарына үңілді. Кей жастар тығырықтан шығудың ең жеңіл жол деп тиым салынған аппараттарды пайдаланып, ақырында соның құлына айналатынын, оның зардабы өте ауыр екенін тәптіштеп айтып берді. Уақытымен демалу, жақсы орта таңдау, адал ас ішу, спортпен шұғылдану жастарға мотивация беретін тиімді жол екенін баса айтты.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тарату және қолдану үшін көзделген жауапкершілікті еске салды.
«Жастар түсінуі керек өте маңызды нәрсе: есірткіні тіпті бір рет қолданып көрудің өзі денсаулық пен болашаққа орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Біз студенттердің өз құқықтары мен міндеттерін біліп, ең бастысы – саналы және қауіпсіз таңдау жасай алуын қалаймыз», – деді полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық шаралар тек дәріс оқумен шектелмейді. Бұл – жастармен күнделікті жұмыс, рейдтер, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу, танымал қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылатын кешенді жұмыс.
Шақырылған спикерлер өз жетістіктерімен бөлісіп, кәсіби және спорттық жолдарын әңгімеледі, студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бұдан бөлек, акция барысында полицияның арнайы жасақ және кинологиялық қызмет қызметкерлері көрсетілімдік жаттығулар өткізді.
Іс-шара кинологиялық қызмет пен полицияның арнайы бөлімшелерінің көрсетілімді нөмірлерімен аяқталды.
Елордалық полиция жастарды есірткі қаупіне қарсы тұруға тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Бүгінде студенттер профилактикалық кездесулерге қатысып қана қоймай, наркограффитиді бояу акцияларына белсенді қатысады, сондай-ақ тыйым салынған жарнаманы тарататын интернет-ресурстарды анықтауға және бұғаттауға көмектеседі.
Мұндай бірлескен жұмыс «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының құндылықтарын нығайтып, жауапты әрі әлеуметтік белсенді елордалық жастарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биыл елімізде Президент бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Оның басты міндеті – қоғамда тәртіп пен тыныштық орнату. Ал есірткі секілді қауіпті психотропты заттар адамдарды есінен айырып, қоғамда түрлі келеңсіздік тудыратыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде еліміздің әр аймағында есірткі айналымы мен бизнесіне қарсы күрес шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















