Астана өсім бойынша алға шықты

Астана өсім бойынша алға шықты

Елорда – халық санының өсімі бойынша жылдам көбейіп келе жатқан қала. Сонау бір жылдары Ақмола жаңа астана болады деген таңдау түскен шақта, бұл қалада 130 000-ның көлемінде халық бар еді. Осы әңгіме қозғала қалса болды, ойыма түсетін бір қызықты әңгіме бар. Астана қаласының Бас жоспарын жасаған жапон сәулетшісі марқұм Кишо Курокаваның жұмыс тобындағы мамандар жан-жақтылы есептей келіп «бұл қалада алдағы ширек ғасырда ары кетсе 800 мыңға жуық адам тұруы мүмкін» деген болжам айтыпты. Ондағы басты себебі климаты қатал, өнеркәсіп жүйесі кемелденіп кетпеген қалаға адамдардың жан-жақтан көшіп келуіне сенімсіздік танытқан болса керек.

Сол астанамыз ширек ғасырдың ішінде керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. Қала іргесі кеңейіп, әлемдік деңгейдегі сәулетті шаһарлардың қатарына енді. Бәрінен де маңыздысы жас қаланың жан санының жылдам көбейгені еді. Кезінде Ақмолада 130000 адам мекен етсе, қазір бұл қалада 1,5 миллионға жуық адам тұрып жатыр. Нақты дәлелдерге көз жүгіртсек былай жалғасады.

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметтерге сай, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 20 075 271 адам тұрады делінген. 2024 жылы қаңтарда 20 033 546 адам бар екендігін ескерсек, екі ай ішінде елімізде 41375 адам көбейген екен. Осылардың ішінде ең жақсы өсім көрсеткен қала Астана болып отыр. Яғни 14561 адамға көбейген. Астанадан кейінгі орында Алматы қаласы 12529 адам болып екінші орынға жайғасыпты. Бұдан кейінгі 3-орында Шымкент қаласы тұр. Осылайша еліміздегі үш ірі мегаполис халық санының өсімі бойынша жақсы көрсеткіштермен көш бастап келеді.

Әрине, бұл жерде қала халқының жылдам көбеюіне ішкі және сыртқы көші-қонның әсері жоғары болғандығын айта кеткен жөн. Мемлекет астанасы ретінде мойындалғаннан бастап қазірге дейін 10 еседен артық көбейген халықтың басым бөлігі жас қалаға сырттан көшіп келгендер еді.  

Бұл жерде халықтың Астанаға көшіп келуге неліктен ынталы болып отырғандығы түсінікті болса керек. Біріншіден, мұнда адамдарға аса қажетті денсаулық сақтау, білім беру мәселесі өзге өңірлермен салыстырғанда кемелді болып табылады. 

Екіншіден, жұмыс табу, кәсіптену орайы жоғары болып есептеледі. Мұнда арнайы мамандық иелеріне деген сұраныстың жоғарылығын да ескерген жөн. 

Үшіншіден, өзге ірі қалалармен салыстырғанда Астана қаласында эконом класс санатындағы пәтерлердің бағасы біршама қолжетімді болып есептеледі. Яғни баспана бағасында қолайлылықтар бар. Көші-қон мәселесіндегі Астананың баурағыштық қабілетін осы бірнеше түйінмен ғана байланыстыру жеткіліксіз болып табылар еді. Бұдан бөлек әлемдік деңгейдегі ауқым ретінде қарастырылатын урбанизация – қалалану үрдісін де естен шығармаған жөн. 

Дегенмен алдағы уақытта көші-қон жағдайында аздаған өзгерістер орын алуы да ғажап емес. Бұған Ұлттық экономика министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлегендігін дәлел ретінде қарастыруға болады. Мамандардың айтуынша, мұндай заң жобасының жасалуы қалалық инфрақұрылым ресурстарының тапшылығынан туындап отырған болса керек. Бұл айтылғандармен де келісуге болатын тұстары бар. Себебі қазіргі таңда бас қаланың инфрақұрылымында тығыздық мәселесі байқалып отыр. Дегемнен қала әкімшілігі стратегиялық жоспарларын үздіксіз жария етіп келеді. Мұнда емдеу-денсаулық сақтау мекемелері мен мектеп, балабақша секілді кезек күттірмейтін нысандарды жедел қолға алып жатыр. Бұдан бөлек кәріз жүйесі мен ауызсу, жылыту орталықтары сынды маңызды нысандардың құрылысы мұқият зерделеніп отыр.

Дегенмен елордамыздың көрікті келбеті, айрықша әлеуеті мен жарқын болашағына деген сенім адамдардың бұл қалаға деген қызығушылығын арттырып отырған маңызды түйін екендігін ескерсек, Астанамызға жыл сайын бір шағын қаланың жан саны сырттан көшіп келіп қосыла беретіндігіне күмән келтірмес едік.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1139
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7184
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11045
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7248
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7395