Елордада «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру аясында және қалалық әкімдіктің қолдауымен №7, №51 және №90 үш жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады. Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
№51 УПП Нұра ауданында, Шафика Чокин көшесі, 6-үйде орналасқан. Полиция пункті шамамен 70 мың адамға қызмет көрсетеді. Пункттің ауданы – 78,2 шаршы метр. №90 УПП Сарыарқа ауданында, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 12-үйде, «Мирный дом» тұрғын үй кешенінде ашылды. Бұл пункт 31 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді, жалпы ауданы – 118 шаршы метр. №7 УПП Алматы ауданында, Мұқан Төлебаев көшесі, 5-үйде «Арыстан» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Аталған пункт 41 мыңнан астам адам тұратын аумаққа қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы – 197 шаршы метр. Мұнда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына, отбасылық-тұрмыстық қатынастар мәселелері жөніндегі инспекторларға арналған бөлек кабинеттермен қатар конференц-зал да қарастырылған.
Енді осы аудандардың тұрғындары учаскелік полиция инспекторларына өз шағынауданынан шықпай-ақ тікелей жүгіне алатын болады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға маңызды ықпал етеді. Әр пункт заманауи техникамен жабдықталған: бейнебақылау жүйелері, компьютерлер, учаскелік инспекторлардың жұмысы мен азаматтарды қабылдауға арналған ыңғайлы кабинеттер бар. Полиция мен тұрғындар арасындағы тиімді әрі ашық өзара қарым-қатынас үшін барлық жағдай жасалған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қалалық Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Марат Төлебаев, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов және аудан әкімдері қатысты.