АСТАНАНЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

АСТАНАНЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Астана қаласының барлық инфрақұрылымы ел Президентінің назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте былай деген болатын. «Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар. Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек. Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық», – деді Президент.

 Сондай-ақ ол, су қоймасы лайланып, ластанып жатқанын және мұны құзырлы министрлік білуге тиіс екенін айтып өтті.

Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Астананы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын айтып өтті.

«Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек»,  – деді Президент.

Астана тұрғындарын ауызсумен қалай қамтамасыз етеді? Таза су – үлкен қаланың тіршілігінің негізі. Күн сайын елордада 300 мың текше метрден астам су тұтынылады. Қала тұрғындарының үйлеріне жеткенге дейін су бірнеше кезеңнен тұратын тазартудан өтеді – механикалық сүзгіден бастап, залалсыздандыруға дейін. Биыл Астанада жүйенің сенімділігін арттыру мақсатында шамамен 5 шақырым су құбыры желісі жаңартылады. Судың сапасы заманауи технологиялар мен зертханалық бақылау арқылы тәулік бойы қадағаланады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Астана су қоймасына қосымша су жіберу үшін құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Мұнда Есіл өзенінің арнасы арқылы Қ.Сәтбаев атындағы каналдан жіберілген су келеді. Жоба аясында Есіл өзені арнасының түбін тазарту және тереңдету, сондай-ақ «Астана Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының сорғы станциясына дейін тірек құрылысы мен құбыр желісін салу қарастырылған. Бұдан бөлек, министрлік Астана су қоймасын тұнбадан тазартуға ниетті. Жұмыс қорытындысы бойынша су қоймасының көлемін 410,9 млн текше метрге (немесе 410,9 млн тоннаға) дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Астана тұрғындарының көбеюіне байланысты елорданы сумен жабдықтау қажеттілігі де артып отыр. Қазақстанның су заңнамасы бірнеше қағидатқа негізделеді. Оның ішінде халықты сапалы ауызсумен қажет мөлшерде қамтамасыз ету басты орында. Бұл Су кодексінің жаңа редакциясында да бекітілген. 2025 жылдың соңына қарай біз қазақстандықтарды толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге ниеттіміз», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

«Астанаға балама су көзі қажет», – деп депутат Нұрлан Бекенов осыдан бір-екі жыл бұрын Сенат отырысында мәлімдеген еді. Бекер дабыл қақпапты. Депутаттың айтуынша,  инфрақұрылымның әбден тозуы, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейінің төмендігі, ғылыми ілгерілетудің жоқтығы және кадрлардың тапшылығы – сумен жабдықтау және халықты ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі проблемалары.   

Депутат Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана су қоймасынан жүзеге асып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сарқылған жағдайда, төтенше жағдайлар туындаған кезде елорда үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет деп санаймын, – деді сенатор Нұрлан Бекенов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар депутат Нұра жер асты суы кен орнын игеруді және оның ұзақ мерзімді пайдалану нәтижесінде апатты жағдайда тұрған инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды ұсынды. Депутат сонымен қатар Мемлекет басшысының Үкіметке Бұзылық су қоймасын салу туралы ұсынысты зерделеу және енгізу жөніндегі тапсырма бергенін еске салды. Сенатор Бұзылық су қоймасының құрылысы жүктемелердің шарықтау шегі мен су тасқыны қаупін азайтуға, Есіл өзенінің ағынын барлық ұзындықта реттеуге және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының қажеттіліктері үшін су қорларын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ елорданы сумен қамтамасыз етудің қосымша көзін салу келешегін ескере отырып, Нұра және Бұзылық су қоймаларында қысқа мерзімде қайта жаңғырту мен қажетті жұмыстарды жүргізу, Астана қаласын сумен жабдықтаудың балама көздерін игеру жөніндегі жұмысты жеделдету және жалғастыру қажет, – деп атап өтті сенатор.

 

Нағашыбай Қабылбек
24.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16568
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16422
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31606
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30215
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33817