«Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті

«Асыл мұра»  қолөнер шеберлерінің  фестивалі өтті

Абай бабамыздың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған онкүндіктің алғашқы күнінде Семей қаласындағы «Бейбітшілік аралы» этноауылында «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті.

Ұлттық қолөнерді жаңғыртуды, өңір шеберлерінің әлеуетін танытып, шығармашылықты қолдауды мақсат еткен шараға Абай облысының түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты. Өңірдің үздік 45 қолөнершісі ұлттық дәстүр мен қолөнерді ұлықтаған шарада өз туындыларын көпшілікке ұсынып, шеберлікпен жасалған бұйымдарын таныстырды.

Көрермендер фестиваль аясында өңірдің үздік қолөнершілерінің туындыларын тамашалап, шеберлермен сұхбаттасты. 

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай: 

«Қолөнер – ұлттың жаны. «Асыл мұра» фестивалі арқылы біз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл құндылықты қайта жаңғыртып, шеберлеріміздің еңбегін елге танытуды мақсат еттік. Сондай-ақ, Абай облысының қолөнершілері шілде айында Алматыдағы «Аламан құрақ – 2025» жобасына белсене қатысып, 30 шеберіміздің бір мезетте құрақ көрпе жайып, GLOBAL BOOK OF RECORDS кітабына енуге үлес қосқаны – зор мақтаныш», – деп пікір білдірді.

Аталмыш «Аламан құрақ – 2025» жобасына қатысып, ел көлеміндегі рекордтық шарада өнер көрсеткен барлық 30 шеберге осы фестиваль аясында арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. 

Сондай-ақ, байқау жеңімпаздары «Үздік ұлттық бұйым», «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Абай мұрасын бейнелеген үздік туынды» және арнайы шығармашылық номинациялармен марапатталды. Түрлі номинация иегерлеріне 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Байқауға белсене қатысқан азаматтар да назардан тыс қалмай, 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталды. 

Байқауға Ақсуат ауданынан қатысқан Ардақ Айтқазина: «Бұл байқау біз секілді шеберлер үшін үлкен шабыт көзі. Өз қолыңмен жасаған дүние лайықты бағасын алып жатса, ол ең үлкен марапат. Осындай алаңдар арқылы ұлттық өнерімізді танытып, жастарға үлгі бола аламыз», – деп өз әсерімен бөлісті.

Айта кетерлігі, байқауда ерекше өнерімен көзге түсіп, үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Қарауылда өтетін ауқымды мәдени іс-шараға арнайы жолдама берілді. Бұл – олардың еңбегі мен шығармашылығына берілген лайықты баға әрі Абай рухына арналған тағылымды жиынға қатысу мүмкіндігі.

Сонымен қатар бұл күні Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» орталығында «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ресми ашылу рәсімі өтті. Абай мұрасын заманауи форматта жүйелеп, цифрландыру арқылы оны халықаралық деңгейде қолжетімді ету бұл шараның басты мақсаты болатын. Портал Абайдың әдеби, ғылыми және музыкалық мұрасын бір орталықта шоғырландырып, әлемнің кез келген нүктесінен ашық әрі еркін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен IT-мамандар қатысты. Қатысушылар порталдың жұмысымен танысып, оның мүмкіндіктері мен болашақтағы даму бағыттары жайлы пікір алмасты.

(Абай бабамыздың мерейтойын келесі нөмірімізде шашау шығармай жариялаймыз)

Сәруар ҚАБДОЛЛА,

Абай облысы

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16381
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31558
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30175
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33770