Балабақша – барлық білім мен тәрбиенің бастауы. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді жанжақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Соңғы жылдары балабақша тәрбиешілеріне қатысты балаға қол көтеру сынды сан алуан жағымсыз жаңалықтар мен пікірлерге тап болдық.
Қоғамдағы тәрбиешінің рөлін, мәртебесін түсіріп алғандаймыз. Ал шындығына келгенде, біз бен сіздің балаларымыздың жарқын болашағына ұйытқы болатын осы жандар. Бір үйдің баласының тағдыры ғана емес, күллі мемлекеттің ұлттық идеологиясының бастауы тәрбиешілерден басталады. Білім мен тәрбиенің бастауы – балабақша. Ал қазір көптеген ата-аналарымыз баласын балабақшаға беруге қорқады. Біреуге баласын тапсыруға, ол жақта бала ауру табады деген үрей әрбір ата-ананың көкейінде жүрері сөзсіз. Дегенменде ата-ана баласын біреуге тапсырып жатқан жоқ, арнайы білікті маманға тапсырады. Сондықтан да бүгінгі күнде, бүгінгі қоғамда біз балабақша тәрбиешілерінің мәртебесін көтеруіміз қажет. Ұстаз қандай қасиетті ұғым болса, балабақша тәрбиешісі де ұлы ұғым екенін түсінуіміз керек. Былайша айтқанда, бала болашағының негізін қалайтын осы кісілер. Ал бүгінгі таңда балабақша тәрбиешісі деген кім? Ол – күтуші, ол – еден жуушы, ол – тігінші, ол – сазгер, ол – сценарист, бір оқу жылында қанша мереке бар болса, солардың барлығын тәрбиеші дайындауы тиіс. Оның ішінде балаларды және декорация, киім дайындау, сөз дайындаулардың барлығы тәрбиешілердің мойнында. Мемлекетіміздің нағыз еңбек сіңірген қайраткері міне осылар. Мемлекет тарапынан балабақша тәрбиешілерінің мәртебесі көтеріліп, еңбектері бағаланса екен дейміз. Себебі, былай қарасаңыз, біз өте әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тәрбиешінің орта есеппен айлығы 150 000 тг болса, бір жылда 1 800 000 ғана табады. Ал бұл дегеніміз ҚР еңбек сіңірген қайраткерлерінің, оның ішінде әншілердің бір тойда екі-үш әнге ауыздарын жыбырлатып табатын ақша немесе бір блогердің бір-екі жарнамасынан табатын ақшасы. Осыдан кейін әділетті Қазақстан деуге аузың бармайды, кейде осындай әке-шешелеріміздің Кеңес үкіметін неге жақсы көргендерін де түсіне бастайды екенсің. Иә, сол әнші мен блогер мемлекеттен ақша алып жатқан жоқ дейтін шығарсыздар, бірақ әділетті Қазақстанда ұлт болашағын тәрбиелейтін қарапайым тәрбиешілердің еңбегі дұрыс бағаланса екен дейміз.