Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қолданысқа енді
Әу бастан айтылып келе жатқан бір уәж бар: «Сыртқы қарызымыз пәлен миллиард? Ойбай-ау, оны қалай қайтарамыз?» Ол қарызымыз көбеймесе азаятын түрі жоқ. Соңғы оқығанымыз бен естуімізше қарызымыз 182 млрд долларға жетіпті. Кейбір білгіштер бұл ғаламат ақшаны қай мемлекеттерден алғанымызды да бүге-шігесіне дейін айтып береді. Әрине, бұл қарыз қазіргі биліктің кезінде ғана болған жоқ. Ол қарызға белшеден батырып кеткен НӘН-нің командасы.
Олар қазір жегені алдында, жемегені артында, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тамаша өмір сүріп жатыр. Олардың артында қарызға белшелерінен батқан мемлекет пен халық қалды. Олар беттері жылтырап, көздері күлімдеп мұрттарын қайшы түгілі балта шаппай алшаңдай басады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген осы! Шынын айту керек, бұл жерде халық наразы. Себебі олардың адам айтқысыз зор байлықты өз еңбегімен таппағанын халық жақсы біледі. Жеді, тонады, ұрлады. Әлбетте, олар өз мемлекетін, халқын тонау арқылы байыды. «Олардың қылмыстары айқын. Неге олардың осы ен байлығын қуып жүріп тәркілемейді? Кімнен, неден қорқады?» дейді халық билікті кінәлап. Ал халық айтса қалт айтпайды.
Тек мемлекет емес, бұл күндері қалың бұқара қарызға батып, қиналып жатыр. Ұлттық банктің үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі есебі бойынша еліміздің азаматтарының банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы қарызы мен несиесі 27 триллионнан асып жығылыпты. Оның ішінде үш ай бойы төленбеген берешек 1,7 трлн-ға барыпты. Еліміздегі 16 мен 62 жас аралығындағы 11,75 млн адамның 7,7 миллионы қарыз дегенге сенесіз бе? Бұл мәліметті ұлттық банк беріп жатса қалай сенбейсің.
Көрдіңіз бе, мемлекетіміз де, халқымыз да қарызға батқан. Енді не істеуіміз керек? Президентіміз жалғыз өзі шырылдап, жыртығымызды жамау үшін күні-түні ұйықтамай барлық харекетін жасауда. Біздіңше, ондаған мың шенеуніктер осыған бірлесіп бас қатыруы тиіс. Адалдық керек. Ата Заңымыз кешеден бері күшіне енді. Осы Ата Заңымыз талап еткендей елге адал қызмет ет, ала жіпті аттама! Міне, осылай еткенде ғана біз бұл қиындықтардан құтыла аламыз. Ал шындығында жемқорлық көші тоқтайтын емес. Жемқорлар қатаң жазаланбаса, бұл жаман үрдіс жалғаса бермек. Бұны бәлкім енді сайланатын бір палаталық Құрылтай мен жаңа Вице-президент, Қазақстан Халық кеңесі тоқтатар. Оны, әрине, уақыт көрсетеді. Тек олардың құрамына мықты, білімді, білікті, қара қылды қақ жаратын азаматтар мен азаматшаларды ғана алу керек.
Иә, халық қарызды еріккеннен алған жоқ. Тамақ үшін, бала-шағалары аш қалмау үшін амалсыздан алғанын баса айтуымыз керек. Жан-жақты қымбатшылық қоршап, қысып тұр. Біздің қорқатынымыз – алдағы уақытта да қарыз ұйығына бата береміз бе деген мәселе. Қалай болғанда да несие алушыларға мемлекеттік тараптан көмек беру керек деп ойлаймыз. Қарызды алуды қиындатып, шаралар қолданылып жатыр. Осының бәрі іс жүзіне асса деген халықтың тілегі бар. Ең бастысы елімізде әділеттілік салтанат құрса екен...
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ













