Atyrau Creative Hub – креаторлар мен инновациялар алаңы

Atyrau Creative Hub –  креаторлар мен инновациялар алаңы

Мұнайлы өлкеде креативті ойлау қабілетін шыңдауға арналған  заманауи көпфункционалды кеңістік өз жұмысын бастады. Atyrau Creative Hub шығармашылық әлеуетті ашып, инновациялық орта қалыптастыруға бағытталған.

Нысанның салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустриялар департаментінің директоры Айгерім Жонкина, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» ҚҚ басқарушы кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы Лима Диас, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» КЕАҚ өңірлік бағдарламалар және ынтымақтастық департаментінің директоры Азамат Ахмеджанов қатысып, ғимаратпен танысып шықты.

Жалпы ауданы 1 600 шаршы метр нысан шығармашылық пен дамуға арналған бірыңғай экожүйе ретінде жобаланған. Бірінші қабатта қонақтарға арналған жайлы кофехана, коворкинг аймақ және шағын конференц зал орналасқан. Екінші қабат білім мен технологияларға арналған. Мұнда буккроссинг аймағы бар, сондай-ақ ашық дәрістер мен білім беру бағытындағы кездесулер ұйымдастырылады. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған кабинет те айрықша назар аударады, онда оқытуда да, қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында да заманауи шешімдер қолданылады.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Жәрдемқызы атап өткендей, орталықтың басты міндеті – өңірдің дарынды тұрғындарын қолдау және креативті индустрияны дамыту.

– Біз жоба аясында 12 бағытты дамытып жатырмыз. Мақсатымыз – Атырау таланттарын республикалық қана емес, халықаралық деңгейге шығару. Біз жастардың өз әлеуетін ашуына, олардың өзара тәжірибе алмасып, бірегей өнімдер шығаруына жағдай жасаймыз. Бұл кеңістік қаламыздың шығармашыл тұрғындарының ортасына айналады, – деді Ә. Жәрдемқызы.

Үшінші қабат – креатив пен технология ұштасқан орын. Мұнда биологиялық ыдырайтын пластиктен 3D бұйымдар жасалады: материал 220 градус температурада қажетті, кейде таптырмайтын бөлшектерге айналып, өндіріс пен дизайнға жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Шараны киіз басуға, әшекей бұйымдар жасауға арналған шеберлік сағаттары, түрлі қалалардан келген суретшілердің қатысуымен өткен экологиялық көрме айшықтай түсті.

Алдағы уақытта хаб базасында IT, медиа, дизайн, кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар салаларында білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру көзделген. Резиденттерге жайлы жұмыс ортасы мен кәсіби дамуға зор мүмкіндік ұсынылған.

А. ХАМИТТЕГІ
16.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571