«Индер ауданынан шығысқа қарай 8 шақырым қашықтықта «Димаш төбе» атты ашық аспан астындағы қазба байлық мұражайының жобасы дайын. Бұл туралы Индер ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әли Жайшылық мәлім етті», – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Айта кетейік, мұражайдың «Димаш төбе» деп аталуының өзіндік тарихы бар. 1978 жылы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан КП ОК І хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың ауданға сапары кезінде, Индер жеріндегі қазба байлықтың мол қорымен таныстыру мақсатында мұражай ұйымдастырылған. Содан бері бұл дөң «Димаш төбе» аталып кеткен. – Тарихи орынды қайта жаңғыртып, оны өңірлік туристік картаға енгізу мақсатында жаңа жоба жасалды. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялануда. Жоба бойынша мұражайдың сол жақ бөлігіне ескі фотосуреттер, оң жағына мұражай ақпараты жазылады. Ал, мұражай ішіне Дендер күмбезінің қазба байлықтары, минерал тастар мен рудалар қойылған бірнеше тас жәшіктер мен екі үлкен күмбезді композиция орналастырылады, – деді Ә.Жайшылық. Бұл мұражай аудан үшін маңызды тарихи-мәдени мұра болары анық.