Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті.

Күн тәртібінде алғашқы мәселе бойынша "Көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы" аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы А.Қоянтаев баяндама жасады.

2025 жылдың жер есебіне сәйкес аудандағы жалпы егістік жер көлемі 25 324 гектарды құрады. 2025 жылы 24 793 гектар алқапты игеру жоспарланып отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 557 гектарға артық. Атап айтқанда:
Дәнді масақты және бұршақты дақылдар 12 400 га. Оның ішінде: 3 100 гектар күздік бидай, бүгінгі күнге күздік бидай дақылы толық себілді. 8 500 гектарға жаздық бидай мен арпа, 800 гектарға дәндік жүгері, 5 000 гектарға мақсары дақылы, 132 гектарға көкөніс. Оның ішінде 13 гектар басты пияз. 145 гектарға бақша дақылдары, 1 500 гектарға жаңадан көпжылдық шөптер себу. Қалған 5 600 гектар алқапта алдыңғы жылдардағы көпжылдық шөптер бар.16 гектарға картоп дақылдары орналастырылады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша "Аудандағы ветеринария саласында атқарылған жұмыстар туралы" аудандық ветеринария бөлімінің басшысы А.Оспановтың есебі тыңдалды.

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес иесіз қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2025 жылы вакцинация бойынша барлығы 1 045 мың манипуляция және қан сынамасын алу бойынша 446 мың манипуляция жүргізіледі.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша "Таза лайк акциясының өткізілу барысы туралы" аудан әкімдігінің тұрғын үй комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің басшысы Д.Шалбаев баяндама жасады.

Сарысу ауданы көлемінде қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру жұмыстары бойынша көктемдегі екі айлық өткізу туралы 2025 жылғы 13 ақпандағы №38 қаулысына сәйкес, 1 наурыздан бастап 3 мамыр айына дейін сенбілік жұмыстарын өткізу бекітілген. Сонымен қатар, Аудан аумағында 15 наурыздан бастап «TazaLike» акциясын өткізу іс-шара жоспары бойынша, Жаңатас қаласында «Таза қала» акциясын әр мекеме өзіне белгіленген аумақтар бойынша көктемгі абаттандыру, санитариалық тазалық және сыртқы безендіру жұмыстарын жүргізді. Елді мекендер бойынша барлық ауылдық округтен 683 адам қатысты, шығарылған күл-қоқыс -9,1 тонна, тазаланған аумақ – 63,4 км, тазаланған арық – 5,3 шқ, қатысқан мекемелер саны – 83.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіру және жүйелі жұмыс жасау үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
01.04.2025