Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтіп, елді мекендерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыс орталығы – Орал қаласында өткен I форумның аясында Тұңғыш Президент алаңында тігілген киіз үйлерде әр аудан өздерінің жергілікті өнімдерін ұсынса, «Атамекен» өнер ордасының фойесінде өңірде қолға алынған түрлі жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Форумның пленарлық жиынында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалатынын, соның ішінде ауылдық елді мекендерде іргелі істер атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Айталық, соңғы үш жылда облысымызға тартылған 461 дәрігердің 246-сы ауылдарға жіберілген. Ал аталған мерзім ішінде өңірімізде салынған 30 жаңа мектептің 22-сі ауылдарда бой көтерген.

– Мемлекет басшысы 2025 жылы өткен ауыл әкімдерінің диалог платформасында елді мекендерді дамытуға қатысты негізгі жұмыс бағыттарын айқындап берді. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, жүктелетін жауапкершілік те жоғары екенін атап өтті. Расымен де, ауыл әкімдері ең алдымен халықпен тікелей жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметші ретінде өте жауапты міндетті орындап келеді, – деген Нариман Төреғалиұлы облыстағы ауылдық жерлерде атқарылған ілкімді істерге тоқталды.
Облысымыз бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға беріліп, қойылған міндет толық орындалған. Облыс басшысы бүгінде Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалардың құрылысы жүріп жатқанын айтты. Ауылдарға жіберілген дәрігер мамандарға көтерме жәрдемақы төленіп, баспанамен қамтылған.
Жиынға қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау үрдісінде оңтайлы өзгерістер жолға қойылғанын жеткізді. Бұдан әрі форумға қатысушылар елді мекендерді дамыту мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты. Соның ішінде ауылдық аумақтарда агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысының қарқынын арттыру бағытында нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Пленарлық жиында алтын бесік – ауылды дамытудағы тиімді тетіктерді ұсынған ауыл әкімдерінің бірі Казталов ауданына қарасты Талдыапан ауылдық округінің әкімі Қайырлы Жұмағұлов болды. «Қаладан – ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы тәжірибесімен бөліскен әкім аталмыш пилоттық бағдарлама аясында ауданның 16 елді мекеніне 47 отбасы қоныс аударғанын мәлімдеді. Олардың 155-і – бала.
– 2024 жылы Талдыапан ауылдық округінің Сарықұдық пен Қайшақұдық ауылдарына құрамында 25 адамы бар төрт отбасы көшіп келді. 25 отбасы мүшесінің 17-сі – бала. Айта кететін жайт, Қайшақұдық бастауыш мектебі оқушы санының аздығынан жабылу қаупінде тұрған еді. Бағдарлама нәтижесінде сегіз бала мектепке қабылданып, білім ошағы сақталып қалды. 2025 жылы Қайшақұдық халқы үш отбасымен (10 адам), ал биыл Сарықұдық тұрғындары тағы үш отбасымен (оның ішінде 12 бала) толықты, – деді Қайырлы Қыдырғалиұлы.
Форум жұмысы аясында ауылдық елді мекендердің дамуына өз үлестерін қосып жүрген белсенді азаматтар, қоғамдық тәртіпті және адамдардың өмір қауіпсіздігін сақтауға атсалысып жүрген ауылдық округ әкімдері облыс әкімінің және салалық департамент басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы
(Фото Мәди Сабырдыкі)














