Биыл қосалқы шаруашылық бойынша 83 жоба қаржыландырылып, кооперативтерге жеңілдетілген несие беріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен және Атырау облысы әкім Серік Шәпкеновтың қатысуымен өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат мәлім етті.
Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде іске асырылу барысымен танысты.
Былтыр бағдарлама аясында қосалқы ауылшаруашылықты дамытуға бағытталған 192 жоба қаржыландырылған.
– Нәтижесінде, 36 жұмыссыз кәсіп бастап, 199 жаңа жұмыс орынын ашу көзделген. Бүгінде 40 жаңа жұмыс орыны құрылып, міндетті төлемдері төленген. Бұдан бөлек, несие алушылардан қайтарылған қаражатты 1 кооператив пен 10 шағын кәсіпке беру жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында 908 бас ірі қара, 1 010 бас жылқы және 1 215 бас қой сатып алынды, – деді А.Саламат.
Сонымен қатар, қазір қосымша жобаларды жүзеге асыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған.
Жиында Ералы Тоғжанов ауыл өнімдерінің көлемін кеңейтіп, жергілікті ірі компаниялармен қоян-қолтық жұмыс жасау қажеттігін айтты.
– Батыс Қазақстанда ауыл өнімдерін шығару туралы «Қарашығанақ» пен әкімдік арасында меморандумға қол қойылды. Атырауда да ондай мүмкіндік бар деп ойлаймын. Себебі, мұнда «ТШО» және «NCOC» сияқты ірі мекемелер бар. Ауыл өнімдерін Халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, ірі мекемелерге ұсыну қажет. Бұл импорт деңгейін азайтады, – деді Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, Ералы Тоғжанов жұмыс сапары аясында өңірдің ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Сонымен қатар, астаналық делегация «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алғандардың өнімімен танысты. Кейін, Махамбет ауданындағы «Ауыл аманаты» аясында қолдау көрсетілген кәсіптік нысандарды аралап, Ақтоғай ауылындағы түйе шаруашылығының жұмысымен танысты.