Сенбіде әдеттегі дәстүрмен Ойыл ауданындағы байырғы Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларында алғашқы жазғы ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге, атауы айтып тұрғандай, кәсіпкерлер ауылдың таза өнімдерін әкелді.
Тары-талқан, құрт-ірімшік, сары май мен қаймақ, әрине, ойылдықтар үшін таңсық емес. Дегенмен аудан орталығында бұл өнімдер тұтынушы үшін кез келген уақытта табыла бермеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкер мен тұтынушының тікелей сауда жасауы үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. «Құстың сүтінен» басқаның бәрі сөреге қойылды. Семіз сиыр мен жылқының еті келісіне 2000-2200 теңгеден ұсынылса, салмағы 18-20 келі тартатын дәмі балдай бағлан марқаның еті де (1800 теңгеден) тұтынушысын тез тапты. Дәстүрлі емес кәсіптің өнімін іздегендер үшін қаз-үйректің де еті табылды. Арзан көкөніс те осы жәрмеңкеге арнайы әкелінді. Қоспасы жоқ, таза табиғи шұбат пен қымызды да іздеушілер көп екен.
Ал арзан мал азығы селоның сыртындағы арнаулы алаңда тұрғындардың талғамына сай ұсынылды. Жәрмеңкені аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, келушілерге әсерлі көңіл күй сыйлады.
Жалпы алғанда, жәрмеңкеге бір ірі қара мен жылқы еті және бес қой еті әкелінді. Кәсіпкерлер ойылдықтарды сүт өнімдері мен тары-талқанға да қарық қылды. Барлығы 200 келі сүттен жасалатын тағамдар мен 100 келі тары-талқан жәрмеңке сөресіне қойылды. Бір тонна көкөніс те тұтынушыларын тез тапты. 3800 бума шөпті ойылдықтар бір сағатта пышақ үстінен үлестіріп әкетті.
Айтпақшы, ауданда алғашқы жазғы ауылшаруашылығы жәрмеңкесінен бұрын шөп жәрмеңкесі де өткізілген болатын. Ауданға қарасты әрбір ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін өздері әзірлеген шөбін алып келді. Жәрмеңке алаңына бір данасы 450 теңгеден сатылған 1500 дана түк шөп (тюк) шығарылды.
Мал азығының жәрмеңкесін Саралжын ауылдық округінен, Берсиев, Сарбие, Қайыңды, Ойыл ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтар қыздыра түсті.