Меркі ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті.
Жәрмеңкеге елді мекендерден шаруалар өздері өндірген түрлі ауыл шаруашылығы тауарларын әкеліп, базардағы бағадан арзандатылған бағамен саудалады.
Атап айтсақ, айран, құрт, қымыз, шұбат сынды сүт өнімдері, оның ішінде Меркінің брендіне айналған ірімшік, құс өнімдері, қой мен ірі қара малдың еті, дәнді дақылдар және талқан, жент, бал сияқты өнімдер тұтынушыларға ұсынылды.
Сонымен қатар, алма, өрік, банан жемістері мен картоп, пияз, сәбіз, қызанақ, қырыққабат, бұрыш, баялды, құлпынай, т.б. көкөністер де жәрмеңке алаңынан табылды.
Осы орайда, ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған пилоттық жобамен несие алып, үй алдындағы қосалқы шаруашылығын дамытқан Сұрат ауылының тұрғындары жылыжайда өсірілген құлпынай, қызанақ, қияр бақша өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.
Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы жәрмеңкені аралап көрді. Ауыл шаруаларымен тілдесіп, олардың еңбектерінің табысты болуын тілеп, алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтты.
Жәрмеңке өткізудің мақсаты – азық-түлік өнімдеріне тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету болса, осы орайда, жәрмеңкеде қант, қой еті және сол сияқты басқа өнімдер де 15-20 пайызға дейін нарықтағы бағадан арзан саудаланды.
Құрметті аудан тұрғындары!
Азық-түлік бағаларын реттеу мақсатында, әр сенбі күні сағат 9-00-де осындай жәрмеңке ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері көтерме бағамен сатылады және бұл мәселе аудан әкімінің бақылауында болады.