Асар – қазақтың ежелгі дәстүрі, оның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған жақынына көмектесу.
«Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» ісі ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс болды.
Рухани жаңғыру – ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту. Қазаққа тән асыл қасиеттерді бойға сіңіріп, жақсы нәрселерді үйреніп, жат қылықтардан жирену.
Жақыныңа жанашыр болу, көршімен тату тұру, қиналғанға қол ұшын созу – бұның бәрі бізге тән, қанымызда бар қасиет. Қазір бұл қасиеттер ұмыт болып бара жатқандай еді.
Десек те, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан айтулы жоба ескіні еске салып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді аша түскендей. Соның арқасында «Асар» дәстүрі жанданып, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар үйлі болып отыр.
Қоғамға қайырымды жандар қажет. Осындай игі іс бүгін, Жеңіс күні Ойық ауылында жалғасын тапты.
Жалғызбасты, бес балалы ана Нуманова Турсынбиби ауызбіршілігі мол тату ауылдықтардың арқасында үйлі болды.
Осы күнді ұзақ күткен үй иесінің қуанышында шек жоқ. «Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты.
Міне, осы бақытты сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен, аудан басшысына, барлық азаматқа алғысым шексіз», – дейді.
Өз кезегінде Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек көпбалалы ананың қуанышымен ортақтасып, қоныс құтты болсын деп, игі тілегін жеткізді. Осындай игі іске атсалысып, бір кісідей біріккен ауылдықтардың ынтымағын үлгі етіп, алғысын білдірді.