Ауыл тұрғындарымен кездесуім бүгін Өндіріс және Алға ауылдық округтерінде жалғасты. Оған аудан прокуроры С.Бүркітбаев, аудандық маслихат хатшысы Ж.Әбенов қатысты. Аудан орталығының іргесіндегі Өндірісте тұрғындар мәдениет ошағы мен газ, ағын су мен жайылымға қатысты мәселелерді көтерді.
Аталған түйткілдер жыл басындағы есепті кездесуде де айтылған. Оның барлығы ескеріліп, нақты жұмыс жоспары бекітілген болатын. Сәтін салса, биыл Өндірісте мәдениет ошағы бой көтеріп, ағын су жеткізуге арналған каналдар да ретке келтірілетін болады.
Ал Алға ауылдық округіне қарасты Жайсан елді мекенінде екі өзекті мәселе бар болса, оның бірі — мектеп, екіншісі — ауыз су. Екі мәселе де жоспарға енгізіліп, құжаттары әзірленуде. Келесі жылы 120 орындық білім ошағы бой көтеріп, ауыз су толық жүргізіледі.