Өңірде бірінші кезектегі азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл шаралар ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр. Осылайша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатқан 42 кәсіпкерге айыппұл салынды.
Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен әкімдіктің мониторингтік тобы баға тұрақтылығын бақылау және делдалдардың негізсіз баға көтеруін анықтау мақсатында «Сарайшық» коммуналдық базарында тексеріс жүргізді.
Кәсіпкерлерге сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу талаптары түсіндірілді. Бұл бағыттағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Жыл басынан бері делдалдық қызметті бақылау жөніндегі комиссияның 16 отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін асырып жіберген 42 көтерме жеткізуші анықталды. Олар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.














