Орал қаласында мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытында бірқатар ісшаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы биылғы оқу жылында оралдық оқушылардың 94,4%-ын демалыспен қамту көзделген. Бұл мақсатта осы жылы бюджеттен 37 684 мың теңге бөлінген. Оқушыларды демалыс лагерьлеріне жіберу жұмыстарына келер болсақ, қалалық білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында үш айда 3430 оқушы демалады деп жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 400. Демалысты ұйымдастырудағы басым бағыттардың бірі – дарынды шәкірттерді 50% ата-аналары есебінен демалыспен қамту. Осы санаттағы 230 оқушы «Атамекенде» өз демалыстарын өткізеді. «Атамекен» лагері балалардың демалысын мәнді өткізуге баса назар аударады. Мұндағы әр ауысым 10 күнге жоспарланған. Өткізілетін іс-шаралар барысында балалардың бойындағы қабілеттерін анықтап дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық беріледі. Лагерь тәрбиешілері демалушылар үшін арнайы қызықты бағдарлама дайындайды. Оның ішінде түрлі танымдық шаралар, қаламыздағы балаларға арналған демалыс орындарына, мұражайларға саяхаттар, белсенді демалыс – футбол және волейбол ойындары, командалықспорттық жарыстар, туристік ойындар, жасанды тауға өрмелеу, қайықпен серуен, спорттық бағдарлау жарысы, көңілді старт және үстел ойындары өткізіліп, би кеші ұйымдастырылады. Лагерьге келген балалар әр шараға белсенді қатысып, демалыстарын көңілді өткізуде. Қаланың 47 мектебіндегі тамақтану ұйымдастырылған лагерьлерде 5972, 50 мектеп пен екі қосымша білім беру ұйымындағы тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьлерде 47578 бала демалуда. Ал Бурабай курорттық аумағындағы лагерьлерде жекелеген санаттағы отбасылардан 150 бала тынықса, әр мектептен қамтылған балаларға Астана (50 оқушы), Шымкент (50) және Түркістан (50) қалаларына саяхат ұйымдастыру қарастырылуда. – Балалардың демалысын ұйымдастыруда дарынды оқушылар, әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап болған отбасылардың ұл-қыздары бірінші кезекте қамтылады. Сонымен бірге қаланың білім беру ұйымдарында су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша қауіпсіздік бұрыштары жасақталып, «Суға бату кезінде көрсетілетін алғашқы көмек», «Су айдындарындағы жүріс-тұрыс тәртібі», «Ата-аналардың назарына арналған» жадынамалар ілініп, оқушылар мен атааналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Суда жүзу дағдыларын үйрету қала мектептерінің оқушылары үшін Оқушылар сарайының бассейнінде жыл бойы және «Атамекен» орталығындағы стационарлық бассейнде жаз бойы жүргізіледі, – дейді қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметкері Э.Нұғманова.