Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес өтікізді. «Достық» үйінде өткен басқосуға өнім берушілер мен ата-аналар қатысты.
Айта кетейік, 2021 жылдың маусым айынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы секциялар мен үйірмелерде балаларды жан басына нормативтік қаржыландыру жүйесі іске қосылған болатын. Былтыр бұл бағытта облыстық бюджеттен 278,1 млн. теңге бағытталды. Алайда, өткен жылдың қазан-қараша айларында ваучерлердің, яғни бала санының күрт өсуіне байланысты, осы мақсатқа бөлінген қаржы тапшылығы туындаған. Осыған орай, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ваучерлерді тіркеу уақытша тоқтатылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс бойынша қызмет көрсететін өнім берушілердің,яғни үйірмелер мен секциялардың жұмысын бақылау, талдау мақсатында мониторингтік топтар құрылып, екі апта бойы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу тобына негізінен белсенді ата-аналар, қоғам өкілдері енді.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков зерделеу қорытындысы бойынша баяндама жасап, бірқатар кемшіліктер анықталғанын жеткізді.
Қазірге дейін спорттық тапсырыс бойынша 12 өнім беруші, соның ішінде зерделеу нәтижесінде 10 өнім беруші өз жұмысын тоқтатқан. Ал шығармашылық тапсырыс бойынша 11 өнім берушіден ағымдағы жылдың 1 сәуірінен уақытша өз кәсібін тоқтату жөнінде хабарлама түскен.
Зерделеу кезінде жекелеген өнім берушілердің жалға алынған бөлмелері мен спорт залдары талапқа сәйкес келмейтіндігі, тіркелген мекен-жайдан басқа жерде қызмет көрсеткендігі, кейбір спорт залдарда балалар саны толық еместігі, балаларға белгіленген жаттықтырушылардан басқа азаматтар сабақ бергендігі, кейбір спорт залдарда жаттығу кестесіндегі уақыттарда жаттықтырушылар да, балалардың да болмағандығы анықталған. Бұдан бөлек, спорт мектептерінде де және аталған секцияларда да тіркелген балалар кездескен. Зерделеу барысында өнім берушілер жалға алған мемлекет меншігіндегі спорт залдар мен мәдениет үйлері де белгілі болған.
Анықталған кемшіліктер бойынша шаралар қабылдануда.
Жиында білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова да сөз алып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қалыптасып отырған мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша баяндады.
Облыс әкімі балаларды қолдау, дамыту – мемлекеттің басты бағыттарының бірі екендігін баса айтты.
– Жобаның маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, өнім берушілер түрлі бұзушылықтарға жол бермей, талапқа сәйкес, нақты балалар санымен жұмыс істеуі қажет. Балаларды тегін үйірмелермен қамту кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қабілеттерін дамыту бағытында шаралар жалғасады. Бұл тұрғыда мемлекет, жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, ашылып жатқан көптеген спорт кешендері, бюджеттік ұйымдардағы түрлі үйірмелердің мүмкіндігін кеңінен пайдалану керекпіз, – деді Н. Нұржігітов.
Аймақ басшысы бюджет мүмкіншілігі ескеріле отырып, жобаның жалғасатынын, есептеулер жүргізіліп, қалыптасқан берешектердің өтелетінін жеткізді. Ол үшін қосымша қажеттілікті қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Тиісті мәселеге байланысты министрлікке хат жолданып, бюджеттік өтінім тиісті комиссия қарауына ұсынылған.
Қазіргі таңда өнім берушілерге ваучерлерді тіркеу уақытша тоқтатылған. Бұл мәселе алдағы уақытта тағы да жан-жақты қаралады.
Өнім берушілердің жұмысын бақылау бойынша зерделеу шаралары жалғасатын болады.
Басқосуда «Аrtsportedu» қоғамының төрайымы Гүлжан Нұрбекқызы және басқа өнім берушілер мен ата-аналар сауалдар жолдап, жауаптар алды.