1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астананың Сарыарқа ауданында жаңартылған 8 аула мен бір қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Жаңартылған аулаларда заманауи резеңке жабын төселіп, балалар ойын алаңдары, спорт және футбол алаңдары орнатылды. Сонымен қатар экологиялық таза материалдардан жасалған сәулеттік нысандар, әткеншектер, демалыс аймақтары мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған орындар жабдықталды. Аула аумақтары көгалдандырылып, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасалды.
Жобалар тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, К. Күмісбеков көшесі 7/1, Жеңіс даңғылы 3 және 5, Н. Тілендиев даңғылы 16/1, Титов көшесі 14, Конституция көшесі 25 және 27, Қарталы көшесі 6 мекенжайларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ирченко көшесінде жаңа шағын аллея абаттандырылды. Аулалардың ашылу салтанатында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, спорттық және танымдық ойындар, байқаулар мен викториналар өткізілді. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Жалпы ауданда 600-ден астам аула бар. Биыл олардың 25-30-ын жаңартып, тұрғындар игілігіне беру жоспарланған.
«Бүгін ауданымызда Балаларды қорғау күні мерекесі аясында осындай қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды ашып жатырмыз. Бұл экологиялық таза ойын алаңдары балалар мен жалпы тұрғындардың демалуы үшін жасалған. Біздің ауданда барлығы 600-ден астам аула бар. Соның ішінде биыл 25-30 ауланы жаңартып, пайдалануға беру жоспарда тұр. Мұның бәрі де тұрғындар игілігі үшін», – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.














