Осыдан біршама уақыт бұрын облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте кәсіпкерлікті дамыту жоспарлары мен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту шаралары кеңінен талқыланып, өңір басшысы балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін тапсырған. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын дамыту мақсатында “Тараз” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 500 миллион теңге қаражат бөлуді көздеп отырғанын да жеткізген еді.
Аталған жұмыстарды бір жүйеге келтіріп, балық шаруашылығын ауданымызда өркендету бойынша бірқатар жұмыстар қолға алына бастады. Ол үшін өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкерлердің басын қосып, көршілес аудандағы кәсіп иелерінің тәжірибесімен таныстырдық.
Нақтырақ айтқанда, Шу қаласы мен Төле би, Жаңақоғам, Д.Қонаев, Дулат, Көкқайнар, Өндіріс ауылдарының кәсіпкерлері Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы "KORDAI FISH" және "TARAZ EKO FISH" балық өсіру шаруашылығының жұмысымен танысты. Жоғарыда аталған шаруашылықтар Бақтақ (форель) балығын жылына 120 тонна көлемінде өсірумен айналысуда. Тың кәсіптің көзін тапқан шаруалар ары қарай Бекіре (осетр) тұқымын өсіруге де бел буып отыр.
Тәжірибе алмасу барысында ауданымыздың азаматтары қордайлық кәсіпкерлерге өз сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтар алды. Алдағы уақытта дәл осы балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, бұл кәсіп өз ауданымызда да дамиды деген сенімдеміз.