Бүгін Алматы облысы Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды. Ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын! – деген Қанат Бозымбаев ескерткіш авторлары мен Халықаралық «Дінмұхамед Қонаев қорына» алғыс айтты.
Дінмұхамед Ахметұлының ұрпағы Эльдар Асқарұлы Қонаев бұл күнді тарихи күн деп бағалап, Димаш ақсақал үшін ата-бабасының туған жері Бақанастың, ондағы жұртшылығының жөні мен жолы әрқашан ерекше болғанын атап өтіп, халықтың ниеті мен пейіліне әулеттері атынан ризашылық білдірді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бейбіт Исабаев халық ықыласы мен көңілінен шыққан тұлғаға деген құрметті ешкім де, ешқандай күшпен тоқтата алмайтынын ерекше атап өтті.
Ал генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев «Бақанасқа Димаш Ахметұлының ескерткішін қою Балқаш халқының арманы еді, ұзақ күткен арман бүгін орындалды», — деді.
Жиын соңында Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.
Жалпы ескерткіш күрті гранитінен жасалған. Тұғырының биіктігі — 2 м, мүсінінің биіктігі — 3,30 м, ескерткіштің тұтастай алғанда – 5,30 м. Мүсіннің авторы – Алтай Бейсенов, сәулетшісі – Бекзат Бейсенова. Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылды.
1