Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 90 жыл
Экономика және бизнес жоғары мектебіне – 75 жыл
1991 жылдың соңында тәуелсіздік алған еліміз жоспарлы экономикалық жүйеден нарықтық жүйеге көшу жолына түсті. Қазақстан – құқықтық мемлекет, нарықтық экономика және демократия нысанындағы дамудың батыстық моделін таңдап, бұл жолда елеулі жетістіктерге жетті. Тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім болса да, яғни ғасырдың үштен бір уақытында еліміз ішкі трансформация мен сыртқы танудың әртүрлі кезеңдерінен өтті. Осы жылдар ішінде экономиканың өсуіне ықпал еткен өңдеуші өнеркәсіп пен ғылымды қажетсінетін қызметтер саласындағы оң өзгерістер болды. Экономикалық серпілістен шабыт алған Қазақстан жаңа стратегиялық мақсат – әлемнің бәсекеге барынша қабілетті озық 50 елдің қатарына кіру мақсатын қойды.
Тәуелсіз мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда және ел экономикасының тұрақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуде жоғары кәсіптік білім берудің маңызы зор. Отандық білім беру саласы өткен ғасырдың 90-жылдары нарықтық қатынастарға ену және бейімделу кезеңін өткерсе, 2000 жылдардан білім берудің жоғары стандартын қамтамасыз етуде нарықтық механизмді барынша кең қолдануға бағытталған білім беру саласын жаңашылдандыру үрдісі басталды. Білім беруді жаңашылдандырудың бағыттары Болон үрдісінің тенденцияларына және ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес анықталды. Жоғары білім беру саласының жүйелі негіздегі институционалды жаңашылдандырылуы барысында білім беру сапасын арттыруға қажетті жағдайлар жасалынып, адам капиталын ұдайы өндірудің заманауи моделі, оқу орындары және жұмыс берушілердің бірлескен іс-қимыл моделіне негізделген ұлттық біліктілік жүйесі қалыптасты.
Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық білім беру саласының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің, танымалдығының, айтулы жетістіктерінің көш басында 90 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетекші орын алды. Ұлы Әл-Фараби есімімен аталатын ҚазҰУ бүгінгі таңда мемлекетіміздің жоғары мектебінің тірегі, бүкіл Орталық Азия аумағындағы кадрлар дайындайтын ірі ұстаханаға айналды.
Білім саласында ҚазҰУ жетекші орын алды
Білім ордасының Экономика және бизнес жоғары мектебі тәуелсіздік жылдарында айтулы жетістіктерге жетті. Қазақ ұлттық университетінің құрамында 1934 жылдың қыркүйек айында алғашқы қоғамдық пәндер кафедрасы – Экономикалық теория кафедрасы (бұрынғы Саяси экономия кафедрасы) ашылған. Осы кафедраның негізінде құрылған экономика факультеті 1949 жылдан бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауда үлкен үлес қосып келеді. Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласындағы жаңашылдандыру, жас мемлекеттің экономикасына қажетті жаңа мамандықтарға туындаған қажеттіліктерге, еңбек нарығының талаптарына байланысты факультет тарихында өзгерістер орын алып, 2010 жылдың қыркүйек айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен экономика және бизнес факультеті Экономика және бизнес жоғары мектебі деп өзгерді. Тәуелсіздік жылдарында ЭжБЖМ-нің негізін қалаған атақты ірі ғалымдар мен ұстаздарымыз – академик Я.Әубәкіров, профессорлар Б.Байжұмаев, Е.Қанатбаев, Т.Сарбасова, У.Имамбаева, С.Нысанбаев, Е.Жатқанбаев, У.Шеденов, Б.Мұхамедиев т.б. қалыптастырған білім мен шығармашылық ізденістің сара жолын факультет түлектері ұлттық экономиканың жан-жақты салаларында табыспен жалғастыруда.
ЭжБЖМ-нің стратегиялық даму бағыттары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2020-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын, стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Фундаменталды көпдеңгейлі білім беру, өндіріске жаңа білім мен технологияларды генерациялау, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және инновациялық-технологиялық даму бағдарламалары мен жобаларына белсенді қатысу – білім ордасының «Университет 4.0» моделі аясындағы инновациялық-зерттеу университеті ретіндегі басым міндеттері.
Экономика және бизнес жоғары мектебінің құрамында қазіргі уақытта ірі төрт кафедра – Экономика, Менеджмент, Қаржы және есеп, Бизнес технологиялар кафедралары еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және дамудың жаңа трендтеріне сай білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Солардың қатарында Экономика кафедрасы жоғары экономикалық білім беру саласында үздіксіз еңбектенуде. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы макроэкономикалық талдау, тұрақты даму, жасыл экономика, статистикалық және эконометрикалық модельдеу, тәуекелдерді бағалау, қаржылық математика бағытында біліктілігі жоғары, кәсіби және ғылыми жетістіктерін жеке, сондай-ақ шәкірттерінің табыстарымен дәлелдеген ҚР және шетелдік ғылыми ортадағы беделді мамандардан құралған. Оқытушылар ҚР БҒМ гранты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға және республикалық бағдарламаларға белсенді қатысуда. Профессорлық-оқытушылық құрамның 80 пайызы рейтингті ғылыми базаларда жоғары Хирш индексіне ие. Web of science және Scopus деректер базасындағы жоғары Хирш индексі – 5, дәйексөз саны – 80-нен жоғары. Кафедра оқытушыларының ішінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері де өз жетістіктерімен ерекшеленеді.
«Экономика» білім беру бағдарламасы ғылым мен білімнің, басқарудың және өндірістің қазіргі заманғы талаптарына сай келетін, отандық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, экономика және сабақтас пәндер саласында жан-жақты білімі бар жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Біздің түлектеріміз өзіндік іргелі және қолданбалы зерттеулерді өз бетінше шығармашылықпен жоспарлауға және жүзеге асыруға, ғылыми-техникалық прогреске, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына ықпал ете отырып, экономикадағы және онымен байланысты салалардағы ғылыми және өндірістік проблемаларды шешу үшін инновациялық білімді синтездеуге және біріктіруге қабілетті.
Кафедрадан талай тұлғалар шыққан
Кафедра еліміздің танымал тұлғаларына айналған түлектерін мақтан тұтады. Олардың қатарында Г.Қарағұсова – экономика ғылымының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы; М.Әшімбаев – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы; Б.Сағынтаев – мемлекеттік қайраткер, Алматы қаласының әкімі; А.Дунаев – экономика ғылымының кандидаты, «HalykFinance» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы; Е.Қарашүкеев – Ауыл шаруашылығы министрі т.б.
«6В04103 – Экономика», «7М04102 – Экономика» және «8D04102 – Экономика» білім беру бағдарламалары Қазақстандық инженерлік білім беру қоғамында (KazSEE) 2026 жылға дейін аккредитациялаудан өтті. Кафедраның білім беру бағдарламалары республиканың білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттігінің (IQAA) бағалауына сәйкес, жетекші орындарға ие.
QS World University Rankings by Subject 2021 халықаралық рейтингіне сәйкес, Economics & Econometrics бағыты бойынша білім беру бағдарламалары 251-300 орындарды иеленді. Тәуелсіздік жылдарында халықаралық рейтингте Economics & Econometrics бағыты бойынша университет пен білім беру бағдарламаларының табысты ілгерілеуіне қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жүргізілген кешенді құрылымдық жаңғырту ықпал етті.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін және олардың ұстанымдарын әлемдік деңгейде де, өңірлік деңгейде де күшейту үшін «халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті», «ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті» және «өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» жоғары оқу орындарының топтарын қалыптастыру үшін индикаторлар құрастырылатын болады» деп айқындалған.
Университеттің бәсекеге қабілеттілігін басқару тетігі сыртқы ортамен байланысты қолдауды және кеңейтуді қамтиды. Осыған байланысты кафедра әлемнің «Үздік – 500» тобына кіретін университеттермен халықаралық байланыстарды дамытуда: University of Padua (IT) Department of Historical, Geographical and Antiquity Sciences; La Sapienza University (Rome, Italy); Lappeenranta University of Technology (Finland); Oxford «Environment Europa» (Great Britain); The University of Memphis (USA); The University of Kansas Lawrence (USA); the consultancy company of the German Institute of Economic Research (DIW). Қазіргі уақытта кафедра магистратура деңгейінде ТМД-ның «Желілік университеті» шеңберінде қосдипломды бағдарламаны жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді модернизациялау ХХІ ғасырдың ғаламдық және пәнаралық құзыреттіліктері аясында жүзеге асырылуда (оның ішінде еріктілік, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, көшбасшылық, коммуникация, зерттеу дағдылары, іскерлік және т.б.). Жаңа білім беру бағдарламалары өмір бойы оқуды көздейтін, тез өзгеретін VUCA (volatility (құбылмалылық), uncertainty (белгісіздік), complexity (күрделілік), ambiguity (екіұштылық, түсініксіздік) әлемде қажет болатын икемді және кәсіби дағдыларды (soft skills, hard skills) қалыптастыруға бағытталған. Модульдік құзыреттілік тәсіліне негізделген бағдарламаларды іске асыру WorldSkills халықаралық талаптарын ескере отырып жалғасуда. Сонымен қатар дамудың жетекші тенденцияларының бірі – цифрландыру және Y – Z ұрпақтарына жататын еңбек ресурстарының жаңа еңбек талаптарының қалыптасуы еңбек нарығының ландшафтын едәуір өзгерістерге ұшыратып, жеке тұлғаның кәсіби даму стратегиясына қатысты жаңа міндеттер туғызуда. Демек, цифрлық қоғам және «ақылды» технологиялар кәсіби дайындықтың тиімділігі, бірегейлігі, адекваттылығы, құзыреттілікті үнемі дамыту және жетілдіру міндеттерін күн тәртібіне қояды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу өте маңызды» деп белгіленген. Алайда күрделі міндеттерді шешуге және ұлттық экономиканың қарқынды дамып келе жатқан digital-секторына қажетті мамандардың жетіспеушілігі туралы мәселе өткір қойылып отыр.
Мәнді терең бағдарламалар оқу үдірісіне енгізілген
Осыған байланысты ЭжЖБМ ұжымы жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын дайындап, оқу үдерісіне енгізуді жолға қойған. Кафедра 2021/22 оқу жылында «Экономика» білім беру бағдарламасы тобында бакалавриат және магистратура деңгейінде «Ақылды қала» және «Цифрлық экономика» инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізіп, жүзеге асыруда. 2023 жылғы 7М04143 - Цифрлық экономика білім беру бағдарламасының алғашқы түлектері ұлттық экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында (бұдан әрі – Жолдау) креативті индустрия экономикалық және жұмыспен қамтудың тағы бір маңызды өсу нүктесі екенін атап өткен. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Ел Президенті экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін, креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретіндігін тағы да атап өтті.
Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Қазіргі әлемде бұл нағыз инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі ретінде қызмет ететін азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «шығармашылық өндіріс». Креативті индустрияның дамуына байланысты осы саланы тиімді басқарып, дамыта алатын жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік артып отыр.
Жаңа оқу жылында «Экономика» кафедрасы Жолдауды іске асыру аясында, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, «Экономика» білім беру бағдарламасы тобына «Креативті экономика» профильді бағыт бойынша магистратура деңгейінде жаңа білім беру бағдарламасын енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті материалды-техникалық және ғылыми-әдістемелік жағдайлар университетімізде қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) басым бағыты бойынша 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру шеңберінде «Креативті индустриялар: Қазақстан Республикасындағы сандық өлшеулер мен жүктеудің әдіснамалық аспектілері» (А.С.Жупарова) (45 млн тг) ғылыми жоба жүзеге асырылды. Жоғары оқу орындары қабырғасында ғылыми зерттеулерді дамыту жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге ықпал ететіні сөзсіз, өйткені жаңа ғылыми идеялар мен жаңалықтар оқу бағдарламаларына енгізіледі, мамандардың сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
Жоғары кәсіптік білім беру саласы кез келген өркендеудің тиімді құралы, қуатты инвестициялық ресурс – адам капиталы жасалатын тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық өсу нүктесі. Адами даму индексі бойынша біздің еліміз соңғы 10 жылда 16% - ға көтеріліп, адами капиталы өте жоғары елдер тобына енді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақ бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауы ұлттық университеттің алдына адам капиталының сапасын арттыру, сапалы білім беру тұрғысында жаңа талаптар, міндеттер қояды.
Экономика кафедрасы, ЭжБЖМ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім мен тәрбиені қатар ұстап, тәуелсіздіктің толағай мүмкіндіктерін үздік жетістіктерге ұштастырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық инновациялық әлеуеттің нығаюына елеулі үлесін қосуда.
Ләйла БИМЕНДИЕВА,
экономика ғылымының кандидаты, профессор м.а.,
Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы
Ғалия ДӘУЛИЕВА,
экономика ғылымының кандидаты, профессор м.а.,
Экономика кафедрасының меңгерушісі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті