14 желтоқсан күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Үздіктер мен белсенділер слеті» ұйымдастырылып, жыл бойына жоғары жетістіктерімен көзге түскен студенттер марапатталды.
16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында университеттің Жастар бастамасын дамыту орталығы ұйымдастырылған салтанатты іс-шара облыс орталығындағы «Нұралы» мәдени-демалыс орталығында өтті. Алдымен сөз алған университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев шараға шақырылған қонақтарға білім ордасының басшылығы атынан ыстық ықыласын білдіріп, шараның маңызына тоқталды. – Мен бүгін осындай шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің студент-жастарымыздың әрқайсысы еліміздің егемендігінің тұғырын биіктетіп, университетіміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Сіздердің жетістіктеріңізге біздер марқайып жүреміз. Соның ішінде оқуын үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға әр кез белсене атсалысатын, сондай-ақ түрлі байқаулар мен жарыстарда, білім сайыстарында топ жарып жүрген жастар ел болашағын құрайды деп сеніммен айта аламыз. Әлі де бағындырар белестеріңіз көбейе берсін, алдағы жылы да толағай табыстарға жететіндеріңізге сенеміз, – деді Нұркен Маратұлы.
Шарада сөз алған қонақтар да Жәңгір хан университетінің үздік студенттерін құттықтап, білімді, тәрбиелі жастар – жаңа Қазақстанның болашағы екенін атап өтті.
Студенттер вальсімен басталған мерекелік шара барысында білім, өнер, спорт салалары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген білім алушылар университет ректорының атынан Құрмет грамоталарымен және мерейтойлық төсбелгілермен марапатталса, Президенттік шәкіртақы иегерлері мен бірқатар белсенді студенттерге алғыс хаттар тапсырылды. Сонымен бірге «Білімділер додасы» зияткерлік сайысының, республикалық пікір сайыс турнирлерінің, «Жаңа толқын» облыстық студенттер фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараны өнерлі жастар ән-билерімен көркемдеді.
Шараға 150-ден астам студент қатысты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы