Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында Даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған футболдан аудандық турнир болып өтті. Оған 16 команда қатысты.
Шараны аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев ашып, жарысқа қатысушыларды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтай отырып, Батыр бабамыздың, ізгі істеріне тоқталды.
Одан кейін сөз алған, Жуалы аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Баетов қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, командаларға ақ жол тіледі.
Турнирдің мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал жасау, үздік ойыншыларды анықтау болды. Командалар арасындағы бәсеке басынан-ақ қыза түсті. Ойын жиналған жұрттың қызығушылығын оятып, шара шаттығы арта түсті. Турнир қорытындысында шеберлік танытқандарға, жанкүйерлер тарапынан құрмет көрсетілді.
Шараның қорытындысы бойынша, 1 орынды «Мыңбұлақ» командасы қанжығасына байласа, 2 орынды «Жуалы жас» командасы жеңіп алды. Ал, «Қайрат-86» командасы 3 орынды місе тұтты. Сондай-ақ, жарыста үздік ойынымен көзге түскен ойыншылар да марапатталды. Турнирде «Үздік ойыншы» болып Әміржан Құлжабаев атанды. «Үздік қорғаушы» болып Асылжан Мелдешов танылса, «Үздік қақпашы» Рамазан Мамбеталы танылды.
Турнир аяқталғаннан кейін салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Футбол ардагерлері Абай Баетов пен Ерғали Сағындықов өз ойларын ортаға салып, жарыс жеңімпаздарын құттықтап, турнирді ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, турнирді қорытындылады.
Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және дипломдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталды.
Міне, Батыр, патриот, жазушы, Ұлы Жеңісті жақындатқан және соғыссыз өмірді сыйлаған адамдардың бірі әрі бірегейі болып, тіршілікте артына мол өнеге қалдырған, жақсы істерімен ел жүрегінде қалған Бауыржан Момышұлы атамызға деген ел құрметі осындай болды.
Жуалы ауданы