Батыс Қазақстан облысындағы «Германиядағы Кеңес әскері тобы және Варшава келісім шарты әскері тобы» қоғамдық бірлестігінің ардагерлері белсенді жұмыс атқаруда.
Жуырда қоғам ардагерлері қайырымдылық айлығына орай шахмат пен дойбыдан Орал қалалық турнирін ұйымдастырды.
Облыс орталығындағы
№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде интеллектуалдық спорт түрлерінен өткен жарысқа Орал қалалық әкімдігі қолдау көрсетті.
Турнирге облыстық ішкі істер департаментінің, қалалық полиция басқармасының және аталмыш қоғамдық бірлестіктің ардагерлері қатысты.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Орал қаласы спорт ардагерлері кеңесінің бас хатшысы Байдәулет Жанбоз, №2 БЖСМ директоры Ерден Жанғалиев, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Тұяқов, әдіскер Манарбек Иманбаев, «ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлері» РҚБ БҚО бойынша филиал төрағасы Ұзақбай Жақсылықов құттықтау сөз сөйледі.
Жарыс шахмат пен дойбыдан бір уақытта төрт кезеңде өтті. Турнир тәуелсіз төрешілер — дойбыдан ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Джумагалиев пен шахматтан БҚО-дағы аға жаттықтырушы Дмитрий Сергеевтің қатаң бақылауымен ойынның барлық ережелерін сақтай отырып, тартысты жағдайда өтті.
Қатысушылар да бір-біріне құрмет пен мейірімділік танытты. Нәтижесінде шахматтан I орынды облыстық ІІД ардагері Қалихан Бақтыбаев, II орынды қалалық полиция басқармасының ардагері Марат Мұханәлиев, III орынды облыстық ІІД ардагері Қайырлы Саматов иеленді.
Дойбыдан ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлері Альмир Испамбетов, Ұзақбай Жақсылықов , Кенжес Бектібаев жеңімпаз атанды. Ал шахматтан «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясын Махмұд Мұханәлиев пен Сабыр Оразов иеленсе, дойбыдан осы номинациямен Құрманғазы Альхамұлы мен Нәсіпқали Бисенғалиев марапатталды.
Жарыстың барлық қатысушыларына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Ұйымдастырушылар жарысты өткізуге қолдау көрсеткен Орал қалалық әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.
Тағы бір айта кетерлігі, сол күні «Германиядағы Кеңес әскері тобы және Варшава келісім шарты әскері тобы» қоғамдық бірлестігінің бірқатар ардагеріне де арнайы марапаттар табысталды. Атап өтсек, Едіге Кенжеғалиев пен Сенбай Аталықовқа облыстық ІІД ардагерлері ұйымының атынан «Ардагер-Ветеран» медалі табысталды. Сондай-ақ қоғам ардагерлеріне филиал төрағасы мерейтойлық төсбелгілер мен грамоталар берілді. Ал қоғамға қабылданған бір топ ардагер қолдарына куәліктерін алды.
Қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Ұ. Жақсылықов мұндай іс-шаралар әлі жалғасын табатынын айтты.