Биыл Ақтөбе облысы бойынша барлығы 2,7 млн тонна шөп қоры дайындалады, бұл шамамен бір жарым жылға жетеді. Бүгінге дейін жоспарланған көлемнің 80 пайызы дайындалған.
Биыл шаруалар үшін жайлы жыл болды – өңірде бес жылда болмаған су тасып, сай-саланың бойына су жүгірді, жайылымның оты молайып, кеуіп қалған көл табандарының арнасы толды. Өткен жылдары қуаңшылық салдарынан біраз қиналып қалған ауылшаруашылығы мамандары биыл шабындыққа шалғыларын үлкен үмітпен салды.
Шілденің ортасынан бастап мал азығын дайындау науқаны басталды. Биыл көктемгі ылғал мамыр айының соңына дейін жалғасып, соңы жаңбырға ұласқаннан кейін шаруалар мал азығын дайындау науқанын асықпай бастады.
Облыстағы үлкен аудандардың бірі – Шалқар ауданында екі айлық мал азығын дайындау науқаны қызу жүргізіліп жатыр.
– Қыс айларында мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан екі айда 293 600 тонна шөп дайындау міндеті қойылды. Бүгінгі күні 105 030 тонна мал азығы дайын.
Биыл шөптің түсімі жақсы. Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарына 56 шөп бригадасы, 93 трактор, 123 шалғы, 69 тырма басқа да қажетті техникалар қатыстырылды. Қазір, әсіресе, Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Мөңке би, Шетырғыз, Ақтоғай және Шалқар ауылдық округтерінде шөп шабу жоспары, шөпті тасып алу жұмыстары жақсы ұйымдастырылып отыр, – дейді Шалқар аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжанов.
Ал Ойыл ауданында жалпы 218,1 мың тонна шөп дайындалуға тиіс болса, бүгінде соның 74 мың тоннасы шабылған. Аудандағы шөп шабатын 76 бригада 99 трактор, 91 тіркеме, 88 шөп шабатын, 70 шөп буатын және 88 тырма сынды арнайы техникалармен қамтылған. Ойылдық шаруалар биыл мал азығын сырттан сатып алмаймыз деп қуанып отыр.
Мал азығының бағасы арзандамағанымен, былтырғы бағаны ұстап тұр. Шабындықтардың алыстығы, одан шығатын тасымал қызметі, автоқосалқы бөлшектер, шөп буатын жіп, жанармайдың қымбатшылығын, жұмысшылардың жалақысының көтерілгенін ескерсек, бағаны былтырғы деңгейде ұстап тұрудың өзі ерлік.
Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткізілген жиында жем-шөп дайындау мәселесі көтерілген болатын. Мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысқан жиында өңір басшысы жем-шөптің халыққа қолжетімді бағада сатылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Осы мақсатта аудан орталықтары мен елдімекендерде арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылатын болады. Бұған қоса өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары әкімдеріне, құзырлы мемлекеттік органдарға астық жинау науқаны мен жылыту маусымына дайындықты ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарға көмір сатып алу, тұрғындарды қамту шараларын іске асыру тапсырылды.
Облыста шөп түсуге тиіс 40 мыңнан астам аула бар. Биылғы шөп дайындау науқанына 1599 шөп дайындау бригадасы түсті. Екі мыңнан астам тракторды қосқанда 10 мыңдай техника бірлігі жұмылдырылған.