Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған байланысты ауданымызда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, тау тұлғаның есімі лайықты ардақталған болатын. Сонымен бірге Дінмұхамед Ахметұлының рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді.
Аталған іс-шараларға Д.Қонаев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың өкілдері қатысып, біртуар тұлға туралы жылы лебіздерімен бөліскен еді. Осыған орай, ауданымызға аталған қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Шатырхан Керімбек арнайы келіп, аудан әкімі Сәкен Арубаевқа Д.Қонаевтың 110 жылдығына арналған Мерей Орденін табыстады. Сонымер бірге, Дінмұхамед Ахметұлының қаламынан туған туындылар жинағын да сыйға тартты.
Өз кезегінде аудан басшысы Д.Қонаев атындағы қордың өкілдеріне ризашылығын білдірді. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Сол себепті де Сәкен Қаланұлы есімі ел есінде мәңгі сақталатын тау тұлғаның өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету жолындағы бастамалар одан әрі де жалғасатынын атап өтті.