Екі өңірдің аумағында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері талқыланды.
Мал ұрлығына, контрабандаға, ұялы телефон ұрлығына, автокөлікті айдап әкету, заңсыз көші-қонға және қарудың заңсыз айналымына қарсы күресте бірлескен жұмысты жандандыру мәселелері қаралды.
Екі облыс арасында өзара әрекеттестік үшін қажетті құжаттарға қол қойылып, өңіраралық ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланғаны атап өтілді.
– Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ішкі істер органдарының негізгі басымдықтарының бірі болып қала бермек. Екі елдің полиция қызметкерлері іздеудегі қылмыскерлерді өзара іздестіру және ұстау бойынша тиімді нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Мәселен, өткен және ағымдағы жылы полиция қызметкерлері Қырғызстан Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Жамбыл облысынан тыс жерде жасырынып жүрген 3 қылмыскерді құрықтады және көрші елде іздеуде жүрген 16 қылмыскердің орналасқан жері анықталды, – деді Арманбек Хакимбекұлы.
Кездесу барысында Қазақстандағы полиция жұмысының сервистік моделіне көшу және полиция қызметіне цифрландыруды енгізу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Арманбек Баймурзин жол-көлік апатынан кейін қалпына келтірілмейтін ұрланған, жалған нөмірлі және тағы басқа көліктерді жедел анықтау үшін деректермен алмасу процесін құруды ұсынды. Бұл ұсыныс қолдау тапты.
Кездесу соңында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мен нығайту – құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне нық сенім білдірді.