БИЫЛ 26 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІК АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

БИЫЛ 26 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІК АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Ақтөбе қаласында биыл бірнеше парк, сквер, қараусыз бос жатқан учаскелер – қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, заманауи қоғамдық кеңістіктерге айналдырылмақ. Бұл қаламызға көрік беріп, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет абаттандыру бойынша жоспарларымен бөлісіп, жобаларды таныстырды. Аталған іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, демеуші-кәсіпкерлер мен демеуші-кәсіпорындар басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды абаттандыру үшін демеушілер тарту керектігін, кәсіппен айналысып жүрген азаматтарымыз өз қаласын қолдауы керектігін айтқан болатын. Ақтөбелік кәсіпкерлер Президент тапсырмасын орындауда белсенділік көрсетіп отыр.

– Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары біз кәсіпкерлердің, ірі кәсіпорындардың демеушілігімен қаламызда қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлдік. Мысалы, 2024 жылы бес қоғамдық кеңістікті демеушілер есебінен абаттандырған болсақ, өткен жылы 15 саябақ пен скверлерді қамту мүмкін болды.

Мысалы, еліміздің батыс өңірінде тұңғыш рет кәсіби скейт-парк ашылды. Есет батыр тұрғын алабында, «Керуен» сауда орталығына қарсы бетте, Алтын Орда ауданындағы теннис орталығы жанында, Мұстафа Шоқай көшесінің қиылысында және тағы да сондай бос жатқан жерлерде жаңа саябақтар салынды. Мұның барлығы да біздің демеушілердің қолдауымен мүмкін болды. Мысалы, «Анвар» сауда желісі, «Зерде керамика», «Алихан Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты бірқатар компанияларымыз биыл үшінші жыл қатарынан қаламызды абаттандыруға үлес қосамыз деп отыр. Яғни, «қалаға пайдамды тигіземін» деп тілек білдіруші жанашыр азаматтардың қатары көбейді. Сондықтан біз өткен жылдың соңында демеушілік институтын құрған болатынбыз, – деді Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет.

Облыс орталығындағы 26 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстарына қазіргі таңда демеушілер тартылды. Жобаларды жүзеге асыруға бірқатар кәсіпорындар мен бизнес өкілдері демеушілік қолдау көрсетпек. Олардың қатарында «Вибромастер» ЖШС, «Стандарт строй» ЖШС, «Номад құрылыс» ЖШС, «Рамазан құс» ЖШС, «Слар» ЖШС, «Қала транс» ЖШС, «Алихан Ойл» ЖШС, «БД Кайыр» ЖШС, «Жол Алға Системс» ЖШС, «Автомаркет – 04» ЖШС, «Бабек құрылыс» ЖШС, «Нұр-хан құрылыс» ЖШС, «Sadu Business group» ЖШС сынды құрылыс және өндіріс компаниялары бар.

Сонымен қатар «Дина» және «Анвар» сауда желілері, «Зерде керамика» зауыты, «BS Holding» компаниясы, «Ақжайық автопарк», ПК «Ерзат», ПК «Нектар», сондай-ақ «Бодрум» кафесі де бастамаға қолдау білдіріп отыр. Жалпы, қаладағы ірі және орта бизнес өкілдерінің мұндай әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуы өңірдің дамуына оң әсерін тигізіп, қалалық ортаны жақсартуға елеулі үлес қоспақ.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, абаттандыру жұмыстары қала әкімдігі екі бағытқа бөліп отыр. Біріншісі – жаңа қоғамдық кеңістіктер салу, екіншісі – ескірген саябақтарды реставрациялау. Ал абаттандырылатын учаскелердегі жұмыс барысын қадағалау үшін әрқайсысына бір депутат пен бір қоғамдық кеңес мүшесінен бекітілетін болады.

Абаттандыру жұмыстары аясында Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы саябақ аумағы кеңейтіліп, Мәңгілік алау ескерткішінің арғы беті абаттандырылады. Сонымен қатар Ескі қаладағы «Ретро-парк» толық жаңғыртылып, бірқатар тарихи және қоғамдық маңызы бар скверлер ретке келтіріледі.

Қаланың әр ауданында қараусыз жатқан бос кеңістіктерді игеру жұмыстары да қарқынды жүргізілмек. Олардың қатарында «Қазпошта» алдындағы, Мәңгілік ел көшесіндегі, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы, сондай-ақ түрлі шағын аудандар мен тұрғын үй кешендері маңындағы учаскелер бар. Бұл аумақтар заманауи талаптарға сай скверлерге, аллеяларға және тұрғындардың демалысына арналған орындарға айналады.

Сондай-ақ бұрын жеке меншікте болған кейбір жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, олардың орнына саябақтар салу жоспарланып отыр. Мәселен, Бөкенбай батыр көшесі бойындағы автотұрақтардың орнына жаңа жасыл аймақ пайда болады.

Жоба аясында Есет батыр тұрғын алабындағы аллея жалғасын тауып, «Нұр ғасыр» мешіті маңы, Бақыт аллеясы, Жилгородок ауданындағы скверлер мен Қалалық мәдениет үйі төңірегі де кешенді түрде абаттандырылады. Сонымен қатар қала орталығындағы бірқатар маңызды нүктелер, соның ішінде әкімдік маңы, ірі сауда нысандары мен әлеуметтік ғимараттар жанындағы аумақтар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістікке айналады.

Жалпы, бұл жобалар қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, экологиялық жағдайдың оңалуына және қалалық орта сапасының артуына ықпал етеді.

 

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
16.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571