25 ақпан күні ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов баяндама жасап, еліміздің су саласын дамытуға арналған жоспарлары мен кезектегі ахуал туралы баяндап берген еді. Біз аталмыш баспасөз жиналысына онлайн форматта қатысып, атқарылған жұмыстарының нәтижесі туралы мағлұматтарға қанықтық.
– «2025 жылы министрлік жалпы саны 147 инфрақұрылымдық жобаны іске асырды. Оның ішінде 53 жоба аяқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 677 шақырым болатын ирригация жүйесі жаңғыртылып, 4 су қоймасы реконструкцияланды, сондай-ақ 15 топтық су құбыры салынды және жөнделді. Қазіргі уақытта Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын екі су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Абай облысында екі, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында бір-бірден бес су қоймасының құрылысына арналған жобалар әзірленіп жатыр», – деді вице-министр.
Сондай-ақ Жамбыл облысында екі орында, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында бір-бірден, жиыны бес су қоймасын салу бойынша жобалар дайындалып жатыпты. Бұдан бөлек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің бірқатар аймақтарындағы су қоймаларында жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асқан. Соған қосымша тағы 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр екен. Яғни су қоймаларының қауіпсіздігі басты назарда деген сөз.
Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қатарында халықты ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да нәтижелі жүргізіліпті. Министрлік жоспарланған 9 жобаның орнына топтық су құбырларын реконструкциялау және модернизациялау бойынша 15 жобаны аяқтаған. Соның нәтижесінде 514 мың адам тұратын 277 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етіліп, сапасы жақсартылыпты. Олардың ішінде 73 елді мекен немесе 115,5 мың тұрғын бұған дейін орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізе алмаған. Биыл 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.















