Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қызметкердің табысынан 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлейді. Дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар да өз пайдасына әлеуметтік аударымдарды алатын табысының 3,5% мөлшерінде дербес төлейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 6 әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қорғауды көздейді: еңбекке қабілеттіліктен айырылу; асыраушысынан айырылу; жұмысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу; жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу; бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде «МӘСҚ» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрахмет Искаков айтып берді. Ол қазіргі таңда міндетті әлеуметтік сақтандырумен 6,6 млн. адам қамтылғанын да жеткізді. Былтыр 340 млрд теңгеге жуық сомаға 1,1 млн астам адам төлем алған. 2005-2021 жылдар аралығындағы әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы-2,4 трлн теңгені құрады.
«Биылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылуы жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5%-ға, 1 сәуірден бастап қосымша 4%-ға артты. Осылайша, бұл төлемдердің жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өсті. Жұмыс істейтін азаматтар бұл төлемдерді базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша алады. Қордан еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлемді 81 665 адам, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша 4 319 адам алуда. Егер бюджеттен алатындар үшін мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 54 608 теңгені құраса, Қордан төленетін төлемді қоса есептегенде жалпы сома 84 353 теңгені құрайды», - деп атап өтті Нұрахмет Сейдахметұлы.
Қордан асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 54 215 адам, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша 2 523 адам алуда. Егер бюджеттен алатындар үшін асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 45 627 теңге болса, ал Қордан төленетін төлемді қоса есептегенде жалпы сома 76 443 теңгені құрайды.