Батыс Қазақстан облысының бірқатар елді мекендерін қарғын су басып, көптеген отбасылар зардап шеккені белгілі. Сонымен қатар тасқын қаупі әлі сейілмегендіктен, тұрғындар әлі де эвакуациялануда.
Осыған байланысты тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетілуде. Осы мақсатта БҚО Азаматтық Альянсының бастамасымен гуманитарлық көмек жинау штабы ашылды. Аталмыш ұйымның президенті Аслан Тәпішевтің айтуынша, қазіргі таңда гуманитарлық көмек төтенше жағдай жарияланған Орал қаласы мен Сырым, Қазталов, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандарына жеткізілген. Зардап шеккен адамдарға не қажет екенін анықтау мақсатында арнайы инстаграм парақшасы мен CALL-центр ашылды. Қазіргі таңда ел халқы табиғи апаттан зардап шеккен отандастарына жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытуда. Тіпті бауырлас қырғыз елінің халқы да қиын кезде көмек қолын созуға әзір екенін көрсетті. Су тасқынына байланысты қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге алғашқы гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған игі бастаманы өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қала тұрғындары қолдауда. Сонымен қатар, партия мүшелері, облыстық маслихат депутаттары, этно-мәдени бірлестік, қоғамдық ұйымдар, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері атсалысуда, – дейді Аслан Нұрланұлы.
Жалпы, су тасқыны басталғалы зардап шеккен халыққа 256 тонна гуманитарлық көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жіберген 10 тонна гуманитарлық көмек «АirAstana» әуе компаниясының бортымен өңірге жеткізілуде. Оған қоса Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысынан және бауырлас қырғыз елі жиған көмек те жолда келе жатқаны мәлім болды.
Тағы бір айта кетерлігі, БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың ұл-қыздары республикалық лагерьлерге жіберілетінін жеткізді. Яғни, барлығы 185 бала осы сәуір айында Алматы облысындағы «Тау Жанашар» сауықтыру лагерінде, Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында, Қызыорда облысындағы «Қамбаш» сауықтыру орталығында демалатын болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы