Ағымдағы жылдың 11-16 шілде күндері Шымкент қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер арасында өткен ҚР XII жазғы чемпионатында Батыс Қазақстан облысының командасы жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Чемпионатқа 13-14 жас, 15-16 жас және 17-18 жас тобынан барлығы 17 команда қатысқан. Солардың арасында шабуыл сатысымен көтерілетін жарыс түрінде Батыс Қазақстан облысының командасы 3-орынды иеленген. Ал жеке есепте жоғары топтағы жасөспірімдер арасында Никита Мухамадеев – 3-орынға, кіші топтағы жасөспірімдер арасында Абылай Серіков 1 орынға ие болған.
100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту сайысында БҚО командасы 2-орынға қол жеткізген. Жеке есепте кіші топ арасында Абылай Серіков 1-орынды жеңіп алса, аға топтар арасында Райымбек Райымқұлов 3-орынға тұрақтаған. Сонымен бірге 100 метр бойынша өткен 4 өрт эстафетасында, жауынгерлік қанат жаю қорытынды сайысында батысқазақстандық команда 1-орын алған. Осылайша БҚО командасы жалпыкомандалық есепте 1 орынға ие болды.