Бұл күнде өтер, сабыр, халқым, сабыр

Бұл күнде өтер, сабыр, халқым, сабыр

Су тасқыны елімізді есеңгіретіп тастағанын кімнен жасырамыз? Иә, бұл – табиғи апат. Тек қана табиғи апат емес, есіріп, Аллаға тіл тигізіп есіріктеніп кеткендерге қатаң ескерту. Қалай десек те, кез келген төтенше жағдайға біздің дайын емес екендігіміз айқын көрінді.  Не істемек керек? Кімді кінәлаймыз? Алдағы жазда елімізді не күтіп тұр? Жұт жеті ағайынды деуші еді, беті аулақ! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой халқымыз. Өлмеген құлға жаз да шығар! Оған дайындығымыз қалай?

Адам баласы өз қолын өзі кесе алмайды. Біздің бүгінгі кеп осыған қатты ұқсайды. Еланасы ретінде мен айтарымды айттым, жазарымды жаздым. Ащы да айттым, сынап та айттым.  Дана қазақта «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген бар.  Осыны ұғар Үкімет болса, қанекей?! 

Енді ата-баба дәстүрімен халыққа басу айтқанды жөн санадым. Болған іске болаттай берік болатын уақыт келді.  Су басқан өңірлердегі еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін жанталаса қимылдап жатыр. Билікке қарап қол жайып отырған халық жоқ. (Билік те шығынның орны толатынын, ешкім де үйсіз-күйсіз қалмайтынын айтуда).  Ашығын айтқанда, ел-жұрт өз күндерін өздері көруде. Алыс-жақын елдерден гуманитарлық көмек те  келуде. Ел азаматтары да қолдарынан келгенше қаржылай демеуде. Бұл да болса қиналғанға қарасатын, ел басына күн туғанда табысатын қазақтың ынтымағы мен бірлігінің әлі де тұғырында тұрғанының бір көрінісі.

 

 

Су тасқыны жалғыз қазақ еліне ғана емес, әлемге қауіп төндіріп тұр. Әріге бармай-ақ шекаралас көршіміз Ресейдің  қаншама қаласы су астында жатқанын көріп отырмыз. «Көппен көрген ұлы той» дейді бабалар даналығы.

Иә, су тасқынын табиғи апат десек те, бәріне салғырттық, жемқорлық, дайындықтың жоқтығы да себеп! «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген Алла Тағала. Біз осыны естен шығарып алдық.

Айтайын дегенім, дәл қазіргі уақытта  қазаққа ауызбіршілік керек. Үй артында кісі бар. «Ашыққан қарын тойынар» дейтін қазақтың ұрпағымыз. Бұл қиындықтың да артында бір жақсылық жасырынып жатпасына кім кепіл, ағайын? Билік те бұл тасқыннан сабақ алмаса, қадір-қасиеттен жұрдай болмақ. Ел алдындағы абыройынан да айырылмақ....

Тәуелсіздіктің отыз жылдан аса кезеңін құр босқа ұрандатумен өткізіппіз. Оған да кінәлі өзіміз. Енді содан біз де, билік те сабақ алсақ игі! Адамды құдай көріп, құлай берілгеннен жеткен жеріміз осы, ағайын! Еліміз қандай болса, билігіміз де сондай болмақ!

Еланасы ретінде елдегі су тасқынын көріп отырып, менің де жүрегім езіледі. Қауқарсыздығымызға, салғырттығымызға күйінемін.  Бірақ, ашуға ерік беруге болмайды. Сабырлылық керек. Әр қазаққа! Ұлт келешегі үшін! Байтақ даланың болашағы үшін. Осыны әр қазақ санасына сіңіріп, ертеңгі күнге үмітпен қарауы керек.  

«Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар».

Болар іс болды. Енді бәріне ұлттық мүдде тұрғысынан қарауымыз керек. Әлеуметтік желіде аузымызға келгенді құсып, билікті жамандап, бір-бірімізді түртпектегеннен ұтарымыз аз!   Дәл қазір қазаққа  бәрінен қымбаты тыныштық, бейбіт өмір, достық пен адал пейіл ғана. Қалғаны рет-ретімен орнына келеді. 

 

 

Бізде көп нәрсеге тапшылық бар. Мысалы  елімізде су саласы мамандары тапшы екенін Мемлекет басшысы да жасырмай айтып отыр. Танымал журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтың әлеуметтік желідегі мына жүрекжарды сөзі көңілімді толқытты. «...Бұл ретте жапондардан үлгі алуымыз керек деп ойлаймын. Олар жер сілкінісінен келген зардапты тістеніп жүріп, бірлігімен, мұқалмас ерік-жігерімен жеңді ғой. Ұлттың ірілігі де, ұсақтығы да осындай сын сағатта көрінеді. Ірі болайық! Қанша қиын болса да шыдау керек. Мұндай сын-қатерлерге талай ел тап болып жатыр ғой. Сабыр сақтайық. Ең бастысы еліміз аман болсын! Бұл оқиғаның да қорытындысы шығарылатын шығар. Сонда тиісті жауапты адамдар «сыбағасын» алады деп ойлаймын. Ал қазір байбалам салып, даурыққанмен ештеңе өзгермейді. Енді қиындықтан шығудың жолын іздегеннен басқа таңдау жоқ бізде. Мен жалпы қазақтың ұсақталып, бекзат қасиеттерінен, ұлттық құндылықтардан алшақтап бара жатқанына қынжыламын».

Ардақты ағайын, елімізге келген нәубетке  үлкен сабырмен, ақылмен, төзіммен қарайық! Елдігіміз де, ерлігіміз де, өрлігіміз де сыналар тұста тұрмыз. Су алған аймақтардағы халықтың ерлігіне тәнтімін. Үйсіз-күйсіз қалса да, малынан айырылып таяқ ұстап тұрса да, ертеңге үмітпен қарау – үлкен бекзаттық. Алла Тағала сүйетін адами қасиет. Сабыр түбі – сары алтын. Бәрі жақсы болады, халқым! Тек билік басындағы азаматтар берген уәдесінен тайқып кетіп, қарапайым халықтың көз жасын арқаламаса екен деймін. Ол үшін елді мекендердегі әпербақан басшыларға, шаш ал десе бас алатын шенеуніктерге, бұқараның аузындағысын жырғыш араны ашылып кеткен жемқорларға қадағалау күшейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Сәуле Мешітбайқызы

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 15
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 21
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 3
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 9
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 13
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 10
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 18
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 21
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 249
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 244
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 869

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8941
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8333
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11561
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9319
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10545